Малдан жақсы өнім алу үшін қандай шөп беру қажет? Оны қашан егіп, қалай өсіру керек? Бүгін облыстық кәсіпкерлер палатасында Астанадан келген “Barenburg” компаниясының Орталық Азиядағы өкілдігінің мамандары семинар ұйымдастырды. Жиынға ауылшаруашылық тауар өндірушілер қатысты. Компания жем-шөп тұқымын шығарумен айналысады. Олардың өнімдеріне деген сұраныс жоғары.
Корней Шевченко – «Петерфельд-Агро» мен «Әйтеке би» серіктестіктерінің бас агрономы. Еңбеккер азаматты шөптің жаңа сұрыптары қызықтырады.
КОРНЕЙ ШЕВЧЕНКО, агроном, Қызылжар ауданы:
– Мені агроном ретінде қызықтыратыны – шөптің жаңа сорттары. Биыл серіктестік алқабында жоңышқа егуді жоспарлап отырмыз. Біз әр түрлі тұқым егеміз. Көпжылдық шөп те бар. Жануарлардың рационында витаминді азықтар болуы керек.
Семинарда жайылымдық жерлерді қалпына келтіру туралы да сөз қозғалды. Шараны ұйымдастырушылар бұл мәселе ауыл шаруашылығы өкілдерінің арасында өзекті дейді. Себебі, бұл сұрақты өзге аймақта өткен кездесулерде қатысушылар біраз көтерген.
НҰРЛАН ДӘУЛЕТБАЕВ, “Barenburg” компаниясы Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры, Астана қаласы:
– Кейбір ауылдарда жайылым бар, бірақ жемшөп жоқ. Сол себепті, біз осы мәселелерді көтеруді жөн көрдік. Жайылымдарды қалай дұрыс қалпына келтіруге болады және жануарларға азық болатындай шөп өсіру керек екені айтылды. Бір жылдары, тіпті, Маңғыстау облысында жануарлар қағаз жеген күндер болды. Бұндай жағдай қайталанбас үшін мәселелерді қолға алу керек. Сүт пен еттің сапасы малды азықтандыруға байланысты.
Мамандар бұл семинарды елорда мен Ақкөл қаласында да ұйымдастырған.
Гүлден Сембаева