Кезекті партия келіп жетті! Мына құнажындар сонау Германиядан Солтүстік Қазақстанға, нақтырақ айтсақ, Аққайың ауданындағы Власовка ауылына жеткізілді. 1 жұмалық жолды еңсерген ірі қара енді 1 ай карантинде болады. Симментал тұқымды 186 тұяқтыны «Кедр» шаруа қожалығы сатып алып отыр.
АНАТОЛИЙ ЗАРУЦКИЙ, «Кедр» ШҚ директорының орынбасары, Аққайың ауданы, Власовка ауылы:
– Бізде бұдан бөлек қарапайым, жергілікті сиырлар бар. Алайда, ол табынның өнімділігі аса жоғары емес. Айтарлықтай кіріс көрмейміз десем болады. Сол себепті симменталға көштік. Бірден 200-ге жуығын алуды жөн көрдік. Мұндай сиыр көрсеткішті ұлғайтады, ең бастысы, жақсы жалақысы бар жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
Шаруа қожалығының басшылығы шекара сыртынан асылтұқымды малды әкелмес бұрын 3 бірдей базды қалпына келтіріпті. Маңызды жұмыс 2022 жылы басталып, жақында аяқталған. Нысанның іші көз тартады. Мамандардың міндетін еселеп жеңілдететін заманауи қондырғылар да орнатылған.
Шаруа қожалығы дамудың даңғыл жолына мемлекет қолдауының арқасында түсіп отыр. Сырттан мал әкелу үшін қалтадан шығарылған қаржыдан бөлек, 240 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімделіпті. Власовкаға арнайы келген аудан әкімі жоспармен бөлісті.
РҮСТЕМ ЕЛУБАЕВ, Аққайың ауданының әкімі:
– Желтоқсан айында “Гагарино” ЖШС тағы бір ферманы іске қосамыз. 400 бастай мал алынады. 2019 жылы біз 33 мың тонна сүт өндірдік. Ал өткен жылы көрсеткіш 50 мың тоннаға жетті.
Бүгінде Аққайың ауданында 9 тауарлы-сүт фермасы бар. Оның 4-еуі жаңа саналады. Келесі жылы өндіріс орындарының саны артады. 25-те Тоқшын ауылында 400 басқа арналған ферма салынбақ.
Байболат Құлтанов