Спорт

Жас экстремалдар сынға түсті

Петропавлда тұңғыш рет тау шаңғысынан ашық қала біріншілігі өтті. Мұнда 10-нан астам мектеп оқушысы слалом бағдарламасы бойынша сынға түсті. Жалпақ жұрт білмеуі мүмкін, спорттың бұл түрінде шаңғышылар көз ілеспес жылдамдықпен жоғарыдан төмен түседі. Ұл-қыздардың жүзінде қорқыныш сезімі байқалмады. Сөреге кезек-кезек жақындап, мәреге жұлдызша ақты.

РАЙЫМБЕК ИГБЕРГЕНОВ, жарысқа қатысушы:

– Бұл спортқа 1 ай бұрын ғана келдім. Анам үйірме жайлы ақпарды инстаграм желісінен көріп, маған ұсынды. Бірден келістім. Өзіме қатты ұнады. Басында қиындау болды. Бұған дейін аяғыма шаңғы ілмеген едім. Бұдан бөлек, бокспен айналысамын.

6 ай қар жататын аққайыңдар өлкесінде спорттың бұл түрі енді-енді дамып келеді. Сондықтан, қатысушы саны аз әрі балалардың тәжірибесі толыспаған. Олар жарыс барысында қайта-қайта қателіктерге бой алдырды. Орта жолда құлап жатқандар да болды.

ВАСИЛИЙ ШУНЬКО, жарыстың бас төрешісі:

– Тау шаңғысындағы слалом бағдарламасының өзіндік қиындықтары бар. Бірінші – жоғары жылдамдық. Екіншіден, жарыс жолына шыққан әр қатысушы кірпік қаққанша оң мен солға бұрылып, белгілі бір фигураларды айналып өтуі керек. Мұның барлығы сырт көзге оңай көрінуі мүмкін. Шын мәнісінде екінің бірінің қолынан келмейді.

Балалардың шеберлігін төбедегі және төмендегі арнайы мамандар бақылады. Олар ұл-қыздардың тапсырманы орындау сапасын әрі жылдамдықты назарға алды. Жарыс соңында үздіктер медаль және грамоталармен марапатталды.

 

Байболат Құлтанов