ҰОС ардагері Валентина Волкодав 102 жасқа толды. Жасы бір ғасырдан асқан туған күн иесін облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов пен қала әкімі Серік Мұхамедиев үйіне барып құттықтады.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Денсаулығыңыз мықты болсын, әр күніңіз жақсы өтсін. Ерлігіңіз үшін, даналығыңыз бен қуатыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Ұзақ ғұмыр тілеймін.
Валентина Волкодав Қызыл Армия қатарына 19 жасында қабылданған.
1-ші Украин және 1-ші Белорусь майданына қатысқан. 41-ші механикаландырылған әскери көпір жасағында болған. Еділ өзенінен Берлинге дейін жеткен.
ВАЛЕНТИНА ВОЛКОДАВ, ҰОС ардагері:
– Соғыс жылдары мен болашақ жолдасымның жасағына түстім. Ол маған көп көмегін көрсетті, біраз нәрсе үйретті. Соғыс аяқталған соң екеуіміз отау құрдық.
Валентина Архиповна «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін» медальдары мен ІІ дәрежелі «ҰОС» орденінің иегері. Соғыс пен көрген қиыншылықты ешкімнің басына бермесін дейді кейуана. Украинаның тумасы Валентина Волкодав соғыстан кейін отбасымен Қазақстанға көшіп келеді. Целиноградта керамикалық зауытта есепші болып жұмыс істеп, 92-ші жылы Петропавлға қоныс аударады. Қария 2 қызынан 4 жиен мен 3 жиеншар көріп отыр.
Гүлден Сембаева