Татамиде – қызылжарлық пен петропавлдық спортшы. Аудандық Диана Донскаяның біраз тәжірибесі бар. Оған оның ел чемпионы деген атағы дәлел. Қаратеші қыздың тактикасы қарсыласына қарағанда мықтырақ, ол оны ойсырата жеңді.
ДИАНА ДОНСКАЯ, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:
– Қарсыласымның тактикасы осалдау екен. Бірақ, біраз дайындалғаны көрініп тұр енді. Аяқ күші аздау.
Петропавлда мейбукан годзю-рю карате-додан ұйымдастырылған облыстық чемпионат демалыс күні аяқталды. Барлығы – 30 салмақ дәрежесі бойынша 130-дан астам спортшы күш сынастырды. Ең кішісі 4-те. Жарыс Ауған соғысы ардагерлерінің құрметіне арналды.
ВЛАДИМИР ДОБРЫНИН, Ауған соғысының ардагері:
– Спорт адамның ерік-жігерін нығайтады. Балалардың кішкентай кезден бастап спортпен айналысқаны дұрыс. Қатысушылардың арасында тіпті 4 жастағы бүлдіршіндер бар екен. Бұл – мақтауға тұрарлық жайт. Бізді осындай жарыстарға қонақ ретінде жиі шақырады. Құрмет көрсетіп, өнерлерін паш еткен жастар мен ұйымдастырушыларға разылығымыз мол.
Доданың жеңімпаздары наурызда Алматы қаласында өтетін ел чемпионатында облыс намысын қорғайды.
Мәдина Қаби