Қоғам

Қала маңындағы екі ауыл қардан тазартылуда

Қала маңындағы Прибрежное ауылынан 1500 текше метр қар шығарылды. Тағы 5 мың текше метрін шығару керек. Ауылды тазалауға 4 техника тартылған. Ауыл әкімі Дәурен Рамазановтың айтуынша ауылдың кейбір көшелерін су басу қаупі бар.

ДӘУРЕН РАМАЗАНОВ, Прибрежное ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– Бұл жердің жеріне су тез сіңіп кетеді. Бізде қауіпті деген су басатын 4 көше бар. Олар: Советский, Шаймерденова, Жаңажол, Жастар деген көшелер. Қазір ең бастысы осы төрт көшені тазалап жатырмыз. Қар шығаруға 8 млн, техниканы жалға алуға 3 млн және ақ балшық алуға 5 млн қаражат ақша бөлінді.

ЛЮБОВЬ КАЧЕТОВА, Прибрежное ауылының тұрғыны:

– Ауылдың қары жылда шығарылады. Біз есік алдын күреп, қарды сыртқа шығарып коямыз. Жұмысшылар сол қарды жолды тазалап жүріп алып кетеді. Біздің көшені су басу қаупі бар. Бірақ, бәрі ойдағыдай болады деген ойдамын.

Келесі ауыл – Тепличное. Ауылда 700-ден аса адам тұрады. 18 көше бар. Бұл елді мекеннен 4 мың текше метр қар шығарылған. Әлі 12 мыңын тазалау керек. Аягөз Смағұлова Тепличныйда 2017-ден бері тұрады. Айтуынша, көктемге дайындық қызу жүріп жатыр.

АЯГӨЗ СМАҒҰЛОВА, Тепличное ауылының тұрғыны:

– Әрқашан көшелерді тазалап тұрады. Көктем кезінде де су баспас үшін бар жұмыстар істеледі.

Сондай-ақ, ауылда суға қарсы қорған болатын құм толы қаптар әзірленіп жатыр.

ДӘУРЕН РАМАЗАНОВ, Прибрежное ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

– 13 мың қап алынды. Күн жылығаннан кейін сол қаптарды дайындаймыз. Облыстан 8 млн қаражат бөлінді. 4 млн Тепличныйға, 4 млн – Прибрежное қарын тазалауға. Көшелердің қарын тазалау жұмыстары әлі де жалғасын табады.

Екі ауылды қоса санағанда осы уақытқа дейін 6,5 мың текше метр қар сыртқа төгілді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да қызу қарқынмен жалғасын табады.

 

Мәдина Қаби