Қоғам

Ауыр саланың жүгін арқалаған азаматшалар құттықтау қабылдады

Бұл – Петропавл ауыр машина жасау зауытының акт залы. Іштегі атмосфера ауқымды кештерден кем түспейді. Сахнаға шыққан өнерпаздар кеңінен көсіліп, жиналғандарды мәре-сәре етті. Мұның барлығы бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесік тербейтін нәзікжандыларға арналған.

ВАЛЕРИЙ ВАСИЛЬЕВ, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы:

– Келе жатқан 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында зауытымыздағы нәзікжандыларға ерекше көңіл-күй сыйлау үшін концерт ұйымдастырып отырмыз. Филармониядан әртістер шақырттық. Арамызда ауыр саланың жүгін арқалап жүрген азаматшалар бар. Оларға үнемі құрмет көрсету – біздің міндетіміз. Барша әйелдер қауымын мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Жүздеріңізден күлкі кетпесін!

Әдеттегідей ендігі кезек марапаттау рәсіміне келді. Зауытта мерекеге орай “Сұлулық ханшайымы” конкурсы ұйымдастырылған. Бүгін бас-аяғы 12 қыз-келіншек қатысқан сайыстың қатысушылары дипломмен марапатталды. Арасында 20 жылдан астам жұмыс өтілі бар Алма Иманбетова да бар.

АЛМА ИМАНБЕТОВА, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ престеуші-вулканизаторшысы:

– Жұмысымыз ауыр. Әйел адамға тән емес. Соны елеп марапаттарға легіп жатырмыз. Басшылыққа ризамын. Барынша қолдап, премия да беріп жатыр. Әр мереке сайын сыйақы береді.

Сахнадан қазақ-орыс тілдеріндегі шығармалар орындалды. Оларды жиналғандар ұйып тыңдады. Жалпы, бүгінгі таңда Петропавл ауыр машина жасау зауытында 480 жұмысшы еңбек етеді. Оның 135-і – ерлермен иық тірестірген әйелдер қауымы.

 

Ақжүніс Мұқатай