Көпті күттірген жайма-шуақ көктемнің де ауылы алыс емес! Бұған дейін хабарлағанымыздай, қауырт кезеңде аққайыңдар өлкесіндегі 87 елді мекенді су басуы мүмкін. Айтып келмейтін апатқа сақадай сай болған жөн. Осы себепті теріскейлік құтқарушылар бастаған топ Есіл өзеніне жақын орналасқан Қызылжар ауданындағы ауылдардың бірі – Бәйтеректе жиылды. Мұндағы 20 үйге қызыл су кіруі мүмкін. Осыған байланысты қармен күрес қарқын алған. Бүгінгі күнге дейін 3,4 мың текше метр ақ ұлпа шығарылыпты. Аса маңызды саналатын алқаптарды қарайту ісі де жүргізіліп жатыр. Арнайы бас қосудың аясында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған мамандар тасқынға қарсы алдағы шараларды да пысықтады.
РИНАТ ШҰҒАЙЫПОВ, Қызылжар ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Жұмысқа 3 камаз, 1 тиегіш техника жұмылдырылды. Тендрды “Белсан” ЖК ұтып алған еді. Қар шығару жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа су тасқынына қарсы 500 қап құм, 1000 қап топырақ дайындалып жатыр.
Мәдина Қаби