Мәдениет

Петропавлда дәстүрлі этностар форумы өтті

Шаттыққа толы іс-шара. Бүгін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында этностар форумы өтті. Көктемнің алғашқы күніндегі жиын елдегі әрбір жанға бейбітшілік пен келісім үшін алғыс айту мақсатында ұйымдастырылған. Форум ұлттық киім киген нәзікжандылардың сән қойылымымен басталды.

20-шы ғасырда ондаған ұлт өкілі жер бетінен жойылып кете жаздады. Сол кезде 800 мың неміс, 102 мың поляк, 18 мыңнан астам кәріс пен өзге де ұлттар қазақ жеріне қоныстанды.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы:

– 30-40 жылдары қазақ жеріне 1 млн 200 мыңдай халық келді. Оларды ашаршылықтан енді ғана бас көтеріп жатқан қазақ халқы қиын жағдайға қарамастан қарсы алды.

Бұл күнді марапатсыз елестету мүмкін емес. Рухани бірлікті, достық пен этносаралық ынтымақтастықты нығайтудың гуманистік мұраттарына қосқан белсенді еңбегі үшін “Дустлык” өзбек этномәдени орталығының басшысы Баян Қалдыбековаға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары атынан алғыс хат табысталды.

БАЯН ҚАЛДЫБЕКОВА, “Дустлык” этномәдени орталығының басшысы, Қызылжар ауданы:

– Біздің этномәдени орталығымыз 2016 жылы 1 мамырда құрылған. 8 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Ұйым Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында орналасқан. 20-дан астам адам бар, оның ішіне мұғалімдер де кіреді. Балалар өзбектің салт-дәстүрімен таныса алады.

Форум концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Ақжүніс Мұқатай