Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихин бой көрсетті. Бұл жолы қаузалған тақырып – өрт қауіпсіздігі. Жағдай әдеттегідей мәз емес. Биыл аймақта қызыл жалын 103 рет бас көтеріп, 6 адам ажал құшқан.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– 18 адам түрлі дәрежеде жарақат алды. Оның 5-еуі – бала. Оттан келген залал 47 млн теңгеден асып жығылады. Статистикаға сүйенсек, өрт фактілерінің 74% жеке тұрғын үй секторында болады.
“Сақтансаң, сақтайды” деген бар. Брифинг барысында спикер арнайы ала келген дабылқаққыш датчигіне тоқталған. Улы газ, түтін таралғанда дыбыс шығаратын құрылғыны қосып та көрсетті.
Бүгінгі күнге дейін өңірде мұндай 5 мыңнан астам құрылғы орнатылған. Олардың көмегімен 5 азамат ажал аузынан аман қалыпты.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Мына құрылғыны жеке үйде тұратын және пәтерде тұратын азаматтардың барлығы орнатуы тиіс. Көлемі аса үлкен емес. Қабырғаға қойылады. Біреулер үйдің сәнін кетіреді деп санайды. Мен мұнымен келіспеймін. Адамның өмірі бірінші орында болуы тиіс. Осыны түсінуге шақырамын.
Заман игілігін кез келген адам орната алады. Оның нарықтағы орташа бағасы – 3 жарым мен 5 мың теңгенің аралығында.