Темірден түйін түйіп, ағаш жону – кез келген жанның қолынан келе бермейтін іс. Көшербай Қасымов – он саусағынан бал тамған шебер.
Ұсталық іспен айналысып келе жатқанына 30 жылға жуықтайды. Ұлттық бұйым жасауға бүйрегі бұрып тұратын азамат шәкірт тәрбиелейді.
КӨШЕРБАЙ ҚАСЫМОВ, өнер мектебінің мұғалімі, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– 15 жылдан бері «Ағаш ою» үйірмесінен беремін. Үйірмеге 15 баладай қатысады. Үйірмеде ұлттық өнерді дамыту, атадан келе жатқан, балаға мирас болатын өнерді дамытуға шәкірттерімді үйретемін. Мысалы, оқушыларға астау оюды, қазақтың ұлттық бұйымдарын, сандық жасау және домбыра өнерлерін көрсетемін.
Қосымша білім берудің бағдарламасына бейнелеу өнері сабағы да кіреді. Сурет салу баланы заттың пішінін дұрыс аңғаруға, түстерді ажыратуға үйретеді. Есте сақтау қабілетін де дамытады дейді “Мерей” өнер мектебінің мұғалімі Анастасия Глухих.
АНАСТАСИЯ ГЛУХИХ, “Мерей” өнер мектебінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:
– Сурет қағазға бейнелеу ғана емес, ол балалардың есте сақтау, көзбен өлшеу, бақылау дағдыларын дамытады. Бейнелеу өнері сабақтары – баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін тиімді құралдардың бірі. Маған балаларды сурет салуға үйреткен ұнайды. Олардың ынталарына қарап менің жұмыс істеуге деген құлшынысым да одан сайын арта түседі.
Бүгін Петропавлда бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер ұстаздарының арасында облыстық сайыс ұйымдастырылды. Конкурс екікүндік. Бірінші жартысында мұғалімдердің портфолиосы қаралса, екінші жартысында
мұғалімдер өздерінің шығармашылық жұмыстарын таныстырды. Қатысушы саны көп емес. Небәрі – 10.
САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:
– Біз педагогтерге арнайы шығармашылық тапсырмалар береміз. 1 сағаттың ішінде олар орындап шығулары керек. Сол жұмыстарды әділ қазы алқасы бағалайтын болады. Бағалау критерийлері: жұмыстың таза орындалуы және өзіндік креативті көзқарас.
Облыстық байқауда бас қосқан өнер мұғалімдері өзара тәжірибе алмасты.
Мәдина Қаби