Қоғам

СҚО-да 13 кәсіпкер бағаны негізсіз көтерген

Халықтан гөрі қалтаны ойлау – екі жеп, биге шығуды көздеген кәсіпкерлерге тән қасиет. Қазіргі қоғамда тауарларға, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне шамадан тыс үстемеақы қосатын пысықайлар бар. Мұндай жандардың заңға қайшы ісімен сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті күреседі. Былтырғы нәтижемен тілшілер танысты. Тілге тиек етілген сандардан кез келген адамның төбе шашы тік тұрады.

ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

– 2023 жылы департамент 605 өтінішті қарады. Ал 2022 жылы 491 өтініш түсті.

Департамент өтінішті тіркеп қана қоймайды. Заңның бұзылғанын әшкерелеп, дәлелдеп, тұтынушының құқығын қорғайды. Былтыр миллиондар тұрғындарға кері қайтарылыпты.

ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

– Департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және оларға 12 067 877 теңге көлемінде ақшалай қаражатты қайтаруға жәрдем көрсетті.

Мұндай мысалдар жетерлік. Түрлі шара қолданылғанымен құқық бұзушылыққа құрық салынар емес. Брифинг барысында спикер биылғы фактілерді жіпке тізді.

ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

– Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпаны айларында сауда үстемесінің мөлшерін асырғаны үшін 13 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар 1-ші сұрыпты бидай ұнын, ұнтақталған күрішті, қарақұмық жармасын, тауық етін және өзге де тауар түрлерін қымбатқа сатқан.

Баспасөз мәслихатына экономикалық тергеу департаментінің өкілі де қатысты. Аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкіл өз бағыттарындағы жұмыстарға тоқталды.

 

Байболат Құлтанов