Биыл Петропавлда 3 апаттық және 18 ескі үй бұзылады. Бұл жұмыс арнайы бағдарлама аясында алдағы жылдары да жүргізіледі. Нәтижесінде 5 жылда 30-ға жуық баспана сүріледі. Облыстық қоғамдық кеңес отырысына шақырылған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат Сәдуақасовтың сөзінше, қазір өңірде 300-ден астам тұрғын жай бұзуды қажет етеді. Оның негізгі бөлігі облыс орталығында орналасқан.
ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Аудан және қала әкімдіктерінің мәліметіне сүйенсек, облыста 50 апаттық және 279 ескі үй бар. Қазіргі таңда аймақтағы көпқабатты үйлердің 49 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Көрші өңірлердегі дерекпен бөлісе кету керек. Бүгінде Ақмоладағы баспаналардың 57 пайызын жөндеу керек. Ал Қостанайда бұл көрсеткіш – 42%.
Биыл 536 млн теңгеге Петропавлдағы 6 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Тағы да облыстық сандармен бөлісеміз. 29-шы жылға дейін өңірде 86 апаттық және ескі көпқабатты баспана бұзылады. Иелері қолдаусыз қалмайды. 600-ге жуық адамға үй берілмек. Кеңес отырысында лифт мәселесі де қозғалды.
ЖАНАТ СӘДУҚАСОВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Қазіргі таңда қалада 134 көпқабатты үйде 421 жолаушылар және жүк лифтісі жұмыс істеп тұр. Оның 54-і 2011-2023 жылдар аралығында 555 млн теңгеге жаңартылды. Бұл бағытта өтініш қабылдаймыз. Осы күнге дейін 16 жеделсатыны жаңалау бойынша құжат түсті. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Басқарманың міндеті – күрделі жөндеуді қажет ететін үйлердің көрсеткішін 49 пайыздан 31-ге дейін түсіру. Бұл – республикалық деңгей. Ол үшін облыста жыл сайын кем дегенде 20 үй жөнделуі керек.
Гүлден Сембаева