Қоғам

Өңірде үкіметтік емес ұйым саны көп, сапасы қандай?

Облыста 458 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Нақты жұмыс істейтіні – 420. Оның қаншасы белсенді, ол жағы белгісіз. Өткен жылы өңірде мемлекеттік- әлеуметтік тапсырыс аясында 259 млн теңгеге 98 жоба жүзеге асырылыпты. Биыл 97 жобаға 347 млн теңге қарастырылып отыр.

КӨГЕРШІН БЕРДАҒҰЛОВА, СҚО Азаматтық альянсы ассоциациясының мүшесі:

– Жыл сайын үкіметтік емес ұйымдардың рөлі көтеріліп жатыр. Олар әр түрлі мәселелерді қозғап, облыстық, республикалық деңгейде шешіліп жатыр.

Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің басқосуында “OzgerTeam” ұлттық бастамасы өңірлік серіктестігінің өкілі Бақытжан Тұрсыновпен де тілдестік. Белсенді азамат 8 жылдан бері досы екеуі өңірде пікірсайыс ойындарын дамытумен айналысып келеді. Бүгінде облыстық, републикалық дәрежедегі турнир-тренингтер ұйымдастырған.

БАҚЫТЖАН ТҰРСЫНОВ, “OzgerTeam” ұлттық бастамасы өңірлік серіктестігінің өкілі:

– Ұлттық бастама аясында осы тақырыпты қозғамақшымыз. Қазіргі уақытта үкіметке немесе басқа да үшінші жақтың көмегіне жүгінгісі келетін жастар баршылық. Солардың ойын өзгерткіміз келеді. Яғни, өзгеріске талпыну үшін әр адам ең алдымен өзін өзгерту қажет. Өзін өзгерткен кезде кез келген бастаманы қолға алып, жүзеге асыруға болады. Біздің жобаға қолдау көрсетуге шақыратын боламыз.

Қоғам белсенділерінің айтуынша соңғы кезде жобаның санына емес, сапасына баса мән берілуде. Қыруар қаржы бірреттік жарқылдақ жобалар емес, мазмұнды да мағыналы, жарқын жобаларға бағытталуда дейді.

 

Гүлден Сембаева