1-наурыздан елімізде баспана алудың жаңа жобасы басталмақ. Бұған дейін “9-20-25” деген атаумен белгілі бағдарлама “Отау” деп өзгертілді. Атауы өзгергенімен негізгі шарттары сол күйінде қалады. Қалаған пәтерге қол жеткізудің тиімді жолы деп бағаланып жатқан жобаның талаптары мен шарттары қандай?
НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:
– Жалпы, “Отау” бағдарламасына өтінім беру үшін міндетті түрде кезекке тұрудың қажеті жоқ. Бар болғаны “Отбасы банктің” салымшысы болуыңыз керек. Сонымен қатар, кемінде 18 ай салымыңыз болу қажет. Содан кейін шотыңызда кемінде 1 млн теңге көлемінде қаражат болуы және атыңызда соңғы 5 жылда үй болмау керек. Осы талаптарға сай келсеңіз сіз біздің OTBASYBANK.KZ сайтына кіріп, баспана маркет порталы арқылы 1 наурыздан 30-ші сәуірді қоса алған күндері өтінім бере аласыз.
Айта кетейік, Отбасы банк 18 млн теңгеге дейінгі соманы баспана сомасының 20 пайызын бастапқы жарна ретінде аударған кезде ғана береді. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 9 пайыз, рәсімдеу мерзімі 19 жылға дейін. Жасқа келер болсақ, 18 бен 63 жас арасындағы ел тұрғындарының өтініштері қарастырылады.
НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:
– Петропавл қаласын алып қарасақ, 18 млн-ға дейін несие алуға болады. Алматы мен Астана қалаларынан басқа өңірлерде 18 млн-ға дейін лимит. Ол қалада 1-ші деңгейлі пәтерді ғана алуға болады, ал моноқалаларда немесе ауданда бағдарлама шарты бойынша 2-ші деңгейлі баспанаға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Конкурстан өткеннен кейін азаматтарды төлем қабілеттілігін растауға шақарамыз. Оны өткеннен кейін 6 ай уақыт береміз. Сол уақыттың ішінде пәтерді іздеп тауып, бізге келіп, рәсімдеп үлгеру керек.
“Отау” бағдарламасы жұмыс істейтін жастарды, жас отбасылар мен Отбасы банкінің салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Қатысушыларға балл да беріледі. Ол мамырдың 1-і мен 14-і аралығында жүргізіледі.
НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:
– Тағы айта кететін бір жайт, 35 жасқа дейінгі азаматтарға басымдылық беріледі. Бірақ, нақты пайыздар әлі белгісіз. Егер қазір сіздің шоттарыңызға 18 ай толмаған болса, керекті сома болмай жатса, ештеңе етпейді. Қазірден бастап шот ашып, қаражатты толықтыра беріңіздер. Алда әлі алда уақыт бар.
Ертеңгі күннен бастау алатын бағдарлама тұрғындар арасында артылған ақша болса, оны үнемдеу, жинау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған десек те болады. Себебі, қаржыны тірнектеп жинап, күнделікті шығындарын реттей білген жанға ғана төмен пайыздық мөлшерлемемен үй алу мүмкіндігі туады.
Ақжүніс Мұқатай