Қоғам

Танымал шоумен Максим Касперович өмірден өтті

Тағы бір дара тұлғаның шырағы сөнді. Қазақстанға аты мәлім, белгілі жүргізуші әрі шоумен Максим Касперович өмірден өтті. Өзінің өнерімен жүректерді жаулаған ер азаматтың жүрегі 40-қа толмай тоқтап қалды. Максим 85-ші жылы қазанның 14-і дүниеге келген. Өнердегі жолы 2003 жылы басталды. Сан қырлы тұлға теріскейлік жұртшылықтың да есінде. Соңғы 5 жылын Алматыда жарқын өткізген жүргізушінің шығармашылық жолы солтүстікте жүріп басталған еді. Бірнеше арнада тележүргізуші қызметін атқарды.

Бұл – танымал “Мен – чемпионмын” телевизиялық жобасы. Салауатты өмір салтын насихаттап, бокс, күрес пен жеңіл атлетика сынды спорт түрлерімен шұғылдануға шақыратын бағдарламаны Максим Касперович жоғары деңгейде жүргізе білді. Мұны жоба авторы Евгений Сазанов та растайды.

ЕВГЕНИЙ САЗАНОВ, “Мен – чемпионмын” жобасының авторы, МТРА директоры:

– Бұл жайтқа сену қиын. Өмірге деген көзқарасы ерекше, жарқын адамнан бір сәтте айырылып қалдық. Мен Максимды 2015 жылы “Мен – чемпионмын” жобасын құрып жатқан кезде таныстым. Жобаға жүргізуші керек болды. Сол кезде маған Максимды ұсынды. Оған дейін ол той мен әртүрлі жиындарды жүргізетін. Алғашында балалар жарысын жүргізе ала ма деген күмән болды. Бірақ, өз ісінің маманы екеніне көзім жетті. Энергияға толы, өмірге құштар тағы бір жаннан айырылып қалғанымыз өте өкінішті.

Тимур Айтқожин – Максим Касперовичпен Петропавлдағы өнер колледжінде оқыған топтасы әрі досы. Бірге жүріп талай кештің жұлдызы болған. Облыстық әрі республикалық сайыстарға қатысып, жүлдегер де атаныпты. Оқуларын аяқтаса да достық қарым-қатынас сақталған екен.

ТИМУР АЙТҚОЖИН, Максим Касперовичтің досы:

– Максим – өте талантты радиожүргізуші, шоумен, көп жобалардың авторы болған еді. Оны қазақстандық қана емес шетелдік жұртшылық та жақсы білетін. Максим бұл өмірден өтті деген кезде бәріміз сенген жоқпыз. Әлі де сенбейміз. Қабырғамызды қайыстырып кетті.

Максимның қазасына сенбей жатқан жақындары өте көп. Өмірден ерте кеткен танымал жанның есімі ешқашан ұмытылмайды.

 

 

Ақжүніс Мұқатай