Өңірдің көші-қон полицейлері барлығы – 12 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Өткен жылы 127 мыңға жуық қызмет іске асырылған.
Оның 52 мыңнан астамы ақпараттық жүйе арқылы, 71 мыңы – мемлекеттік корпорация, ал 2 мыңы баламалы түрде көрсетілген. Бұл туралы облыстық ПД жанындағы консультативтік-кеңесші органның жиынында айтылды.
ТАЛҒАТ ӘБІЛОВ, СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы:
– Қазіргі уақытта барлық қызмет электрондық форматта көрсетіледі. Азаматтар ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып қызметтерді үйден шықпай-ақ ала алады. Мемлекеттік қызметті эксаумақтылық қағидатымен халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну арқылы да рәсімдеуге болады. Негізі, азаматтар тұратын мекенжайына қарамастан кез келген халыққа қызмет көрсету орталығына бара алады.
Отырыс барысында ұйым мүшесі Павел Афанасьев Ульянов көшесіндегі танымал дәмхананың біріне көршілес тұрған үй тұрғындарының базынасын жеткізді. Қоғам өкілінің айтуынша, бұл көңіл көтеру орнынан келетін қонақтар тұрғындардың тынышын алатын көрінеді. Түнде сылқия тойып алғандар жиі құқық бұзады. Тәртіп сақшылары бұл ақпаратты назарға алып, өз құзыреті шеңберінде тиісті шара қабылдауға уәде берді.
Ақжүніс Мұқатай