Білім

Білім беру саласын дамыту

Сенатта білім беру саласын дамытудың келешегі талқыланды.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының «Заманауи ұлттық мектеп – жаңа қоғам қалыптастыру жолы» тақырыбына арналған отырысы өтті. Бұл туралы aikyn.kz-те жазылды. Палата Спикері ұлттық білім беру жүйесін реформалау барысында оқушыларды тұлға ретінде, олардың бірегей қабілеттерін дамытуға басымдық беру қажет екеніне назар аударды. Қазіргі жалпылама оқыту тәсілі бұған толық мүмкіндік бермейді. Мәулен Әшімбаев: “Мектеп – адами капиталдың сапасын қалыптастыратын және елдің бүгінгі болмысы мен болашақ әлеуетін айқындайтын бірден-бір орта. Осы орайда мектептің негізгі үш функцияны жүзеге асыруы маңызды”,- деп санайды.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

– Біріншісі – білім беру. Бұл ретте оқушылардың тұлғалық ерекшелігін ескеруге, жаңа, бірегей білім беру бағдарламаларын құруға, жүйелі түрде мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және интернет пен цифрлы ресурстардың мүмкіндігін тиімді пайдалануға баса мән беру қажет. Екіншіден, оқушылардың бойында әртүрлі дағдыларды – «soft skills» дамыту да үлкен міндет. Қазір оқушыларға сыни және шығармашылық ойлау дағдысын үйрету, олардың бойына коммуникациялық қабілеттерді, командамен жұмыс істеуді, кез келген ортаға тез бейімделуді сіңіру маңызды. Үшіншіден, мектептің тәрбие ошағы екенін ұмытпауымыз керек. Адами және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық, мейірімділік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді жас буынның санасына сіңіруде мектептердің рөлін арттырған абзал.

Сонымен қатар, отырыста педагогтердің құзыреттерін арттыру, білім беру бағдарламалары мен оқыту әдістемелерін кеңейту, ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және жас ғалымдарға зерттеулер жүргізу бағытында қолдау көрсету жөнінде ұсыныстар айтылды.