Қоғам

Түрмедегі білім ошағы

Петропавл кәсіптік колледжі қаладағы №50 әйелдер колониясында ашылған. Бірі білсе, бірі білмейтін білім ошағында 45 жылдан бері қыз-келіншектер “Тігін өндірісі және киімді модельдеу” мамандығы бойынша дәріс алады. Бас бостандығынан айырылғандар дуалды оқыту жүйесі арқылы 10 ай бойы білімдерін толықтырады.

ТАЛҒАТ ХАБДУЛИН, Петропавл кәсіптік колледжі директорының орынбасары:

– Біздің кәсіптік колледж екі түзету мекемесінде: №48 ерлер және 50-ші әйелдер колониясында жұмыс істейді. Ерлер түрмесінде сантехник, дәнекерлеуші сияқты мамандық түрлерінен, ал қыз-келіншектер тігін ісі бойынша білім алады. Колледж “Еңбек Қызылжар”, “Щеголев”, “Башимов”, “Логинова” және “Мурсалимова” секілді кәсіпкерлермен әлеуметтік серіктестік орнатқан. Аталған мамандықтар қазіргі таңда сұранысқа ие. Дәріс алушылар жазасын өтеп болғаннан кейін алдағы өмірлерін осы іспен байланыстырады деп ойлаймын.

Бөлменің бір бетінде қыз-келіншектер теорияны меңгеріп жатса, екінші жағында оны тәжірибеге ұштастырып, тігін тігуде. Осылайша, дуалды жүйемен оқытылған түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады дейді оқытушы Наталья Фирсова.

НАТАЛЬЯ ФИРСОВА, оқытушы:

– Оқу процесі 2 бөліктен тұрады. 60 пайызы тәжірибеге жұмсалса, 40 пайызы теорияға кетеді. Демек, аптасына 1-2 рет сабаққа келеді. Тәжірибе кезінде жалақы алады. Қыздардың ынтасы жоғары. Сабаққа белсенді қатысып, сұрақтарға жауап береді. Негізі, тігінші – әркез сұранысқа ие мамандық иесі. Меңгеріп алған адам көп нәрсеге қол жеткізе алады деп ойлаймын.

Бұл – “Еңбек Қызылжар” кәсіпорны. Қазір мұнда 30-ға жуық әйел тер төгуде. Нақтырақ айтқанда түзеу мекемесінде киетін киімдерді тігіп жатыр. Оған қоса арнайы тапсырыстар да келіп түседі. Соған қарай алатын жалақының көлемі өседі.

ГҮЛНӘРАЙ ЖАҢАБЕРГЕНОВА, жазасын өтеуші:

– Менің бұл салада еңбек етіп келе жатқаныма 3 жыл болды. Оған дейін осындағы колледжде оқып, дипломымыды алдым. Әкімшілікке алғысым шексіз. Уақытымызды текке өткізбей білім алып, табысты еңбек етіп жатырмыз.

Темір тормен бөлінгені болмаса, мұнда тірлік қайнап жатыр. Тігіншілердің кейбірі алдағы өмірлерін жарқын сүру үшін талпынса, енді бірі өтейтін жазасы тым ұзақ болғаннан кіріскен.

ГҮЛНӘРАЙ ЖАҢАБЕРГЕНОВА, жазасын өтеуші:

– Тігін тіккен өзіме ұнайды. Әйел адамның жұмысы ғой. Жазамды өтеп отырсам да бұл менің алға қарай ұмтылған талпынысым деп санаймын.

Бұдан бөлек Щеголев кәсіпкерлігінде моншаға қажетті зат – арқа ысқыш тігіледі. Бұйымдар теріскейден басқа Ақмола, Қостанай мен Қарағанды облыстарына сатылымға шығарылады екен. 25 жастағы Дина Саздықова балықшыларға арналған шапанды тігінге дайындап жатыр.

ДИНА САЗДЫҚОВА, жазасын өтеуші:

– Мен киімдердің өлшемдерін өлшеп, қиып беріп отырам. Арнайы пакетке салам. Негізі, өзімнің мамандығым – есепші. Тағы бір мамандық игеріп алдым десем болады. Ұжым өте ұйымшыл. Барлығын сапалы әрі жылдамырақ жасауға тырысамыз.

Жалпы, 50-ші түзету мекемесінде аяғын шалыс басқан 300 әйел отыр. Оның 95 пайызы білім алып, аталған кәсіпорындарда тер төгуде. Бәлкім, еңбек сотталғандардың тәрбиеленіп, кейін қоғамда дұрыс өмір сүруіне сеп болар.

Ақжүніс Мұқатай