ТКШ

Өңірдің 5 ауданында электр энергиясы қымбаттауы мүмкін

«Севказэнергосбыт» серіктестігінен кейін «Солтүстiк Энерго Орталық» компаниясы электр энергиясына бекітілген тарифті аттырмақ. Бұл ұйым Уәлиханов, Ақжар, Айыртау, Тайынша және Ғабит Мүсірепов сынды өңірдің 5 ауданына қызмет көрсетеді. Абонент саны 50 мыңға жуықтайды. Маңызды мәселе бойынша бүгін Петропавлда қоғамдық тыңдалым өтті.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Нарық субъектісі бағаны 4,53 теңгеге немесе 17% арттыруды сұрап отыр. Халыққа бөлек тоқталуымыз қажет. Компания халыққа арналған тарифті 3,32 теңгеге немесе 20% көтергісі келеді.

Тарифтің қашан өзгеретіні белгісіз. Дамир Тоқтамысов жетекшілік ететін департамент нарық субъектісінің өтінішін мұқият қарап, шешім шығармақ.

ДАМИР ТОҚТАМЫСОВ, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Біз серіктестікке жүгініп, қосымша құжаттар сұраттық. Жан-жақты қарастырамыз. Біздің болжамымыз бойынша тариф наурыз айының ортасында өзгереді.

Қызмет көрсетуші серіктестік бірнеше себепке байланысты бағаны көтермекші. Ең негізгісі – электр энергиясын сатып алу құнының ұлғаюы. Қоса кетейік, «Солтүстiк Энерго Орталық» серіктестігі тарифті соңғы рет өткен жылдың тамызында арттырыпты.

 

Байболат Құлтанов