Демалыс күндері жасөспірімдер арасында тай боксынан қалалық чемпионат өтті. Қатысушылардың саны 80-нен асады.
9 жасар Дастан Мырзабай 30 келі салмақ дәрежесінде шықты.
Қарсыласын бірінші рет көріп тұр, мықты-осал тұстарынан бейхабар, бірақ оны ойсырата жеңді. Өйткені, тай боксынан біраз машығы бар, оған 3 бірдей алтын медалі дәлел.
ДАСТАН МЫРЗАБАЙ, турнирге қатысушы:
– Қарсыласым осал немесе мықты деп айта алмаймын. Не де болса кездесудің соңында жеңіске жеттім. Негізі, жаттығуларымды үзбеуге тырысамын. Тиянақтылық пен табандылықтың нәтижесі осындай болады.
Тай бокс немесе муай-тай. Шаршы алаңдағы текетіресте жұдырықпен, жіліншекпен, шынтақпен және тіземен соғуға рұқсат етілген. Осыған байланысты “сегіз аяқты ұрыс” деп айтылып кеткен екен.
ИВАН ВАН-ХОН-ТУН, турнирдің бас төрешісі:
– Жарыс жақсы өтіп жатыр. Әрқайсысы намысты қолдан бермес үшін барларын салуда. Қатысушылардың жасы 6-дан басталып 14-ке дейін барады. Бүгін – жартылай финал. Ертең финал өтеді.
Жеңімпаздар алдағы уақытта Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғайды.
Мәдина Қаби