Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Облыс әкімі БАҚ өкілдерімен бейресми түрде кездесті

Облыс әкімі жиын барысында алдымен халық пен билік арасында көпір болып жүрген барлық журналистер қауымына алғыс айтты. БАҚ өкілдерінің жұмысына сәттілік тіледі.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті БАҚ өкілдері, сіздермен бірінші рет осылай бейресми жағдайда кездесіп отырмын. Облыс әкімі ретінде сіздермен жиі кездесіп, сұрақтарыңызға жауап беруге уәде беремін. Өңірде болып жатқан барлық жаңалықтарды халыққа жылдам әрі сапалы түрде жеткізіп, баяндап отырсыздар. Жұмыстарыңызға рахмет айтамын.

Кездесу барысында Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО әлеуметтік әлеуеті жоғары әрі бесекелестікке қабілетті өңірлердің бірі екенін айтып өтті. Аймақ басшысының сөзінше, өңірде әлі де инфрақұрылымды дамыту керек. Әсіресе, өңірдегі демалыс аймақтарындағы жол мәселесі өзекті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Айыртау, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың кейбір жолдарын қалыпқа келтіріп жатырмыз. Бірақ, дегенмен бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр. Ол жерлерде 48 туристік нысан орналасқан. Бірақ, Шалқар-Имантаудың жолы өте нашар. Ол жерге қазір ешбір инвестор қызығушылық танытпайды. Алайда, бұл мәселені шешпекпіз. Алдағы жылға жоспарларымыз бар.

Облыс әкімінің сөзінше, алдағы 2 жылда Шалқар-Имантау курортты аймағының инфрақұрылымы ретке келтіріледі. Оған 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

“Қызылжар” телеарнасы