Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында «Шие бағы» спектаклінің тұсаукесері өтті. Туындының жанры – комедия. Қойылымдағы басты кейіпкер Любовь Раневскаяны Ирина Полещук сомдайды. Ол жергілікті өнер ошағында 30 жыл көлемінде жұмыс істеп келеді.
ИРИНА ПОЛЕЩУК, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актрисасы:
– Кейіпкер өте ерекше әрі қызықты жан дер едім. Оның отбасыға, балаға деген өзгеше көзқарасы бар. Жұмыс өте күрделі. Көп дайындалдық, біраз тер төктік. Туындыны жоғары деңгейде сахналау үшін 1 жыл уақытымыз кетті.
Спектакль ақсүйектер жайлы. Лопахин деген бай болады. Ол бір күні тоқыруға ұшырып, өзінің шие бағын сатқысы келеді. Баққа ағасының көзі түседі. Алайда, қалталы азамат ағасымен саудаласқысы келмей, жылдап өсірілген ағаштарды кесіп тастайды.
Премьераның қоюшы-суретшісі – Алексей Говязин. Ол қойылымды дайындау үшін арнайы Ресейден шақыртылған екен.
АЛЕКСЕЙ ГОВЯЗИН, қоюшы-суретші, РФ:
– Қазақстанға келгеніме бірнеше айдың жүзі болды. Біз бір жыл көлемінде онлайн да, офлайн да жұмыс істедік. Әрбір рөлді дайындау, актерлерді машықтандыру қиынға соқты. Себебі, сахна шеберлеріне зор міндеттер жүктелді. Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының труппасы сенімді ақтады. Оларға зор алғысымды білдіргім келеді.
Бақты ағасынан қызғанып, ағаштарды кесіп тастаған Лопахин соңында өзі жалғыз қалады. Яғни, онымен ешкім араласпайды. Театр осы туынды арқылы жұртшылықты сыйластыққа шақырғысы келеді. Премьера көрерменнің көңілінен шықты.
– Мен «Шие бағы» кітабын оқыдым. Маған қатты ұнаған еді. Шығармамен тағы бір танысу әрі актерлердің өнерін тамашалау үшін арнайы келіп отырмын.
– Чеховты білемін. Бірақ, «Шие бағы» жайында хабарым болған жоқ. Осы себепті келдім, қойылымды тамашаладым, өте ұнады.
Мәдина Қаби