МТРА жаңалықтары

Есепшілер мен кәсіпкерлерге арналған семинар

Өткен сенбі күні облыстық кітапханада өңір есепшілері мен кәсіпкерлерінің басы қосылды. Оларға елордадан “Табысты бухгалтерлер” клубының негізін қалаушы мен өкілдері келіп, семинар өткізді. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған шарада жалпыға бірдей декларация, мобильді аударымдар секілді тақырыптар кеңінен талқыланды.

САЯН МЕЙРАМОВ, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

– Бүгінгі талқылайтын мәселеміз – жалпыға бірдей декларация. 2021 жылдан бері кезең-кезеңмен өтіп, бүгін 3-ші кезеңге еніп отырмыз. Мобильді аударымдар туралы да сұрақтарға жауап аламыз.

“Табысты бухалтерлер” клубы 2020 жылы құрылған. Атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктері жетерлік. Елордалықтар жыл басынан бері еліміздің түкпір-түкпірінде осындай семинар өткізіпті. Теріскейден кейін Шымкент қаласына ат басын бұрмақ ойлары бар.

САНДУҒАШ ТӨЛЕГЕНОВА, “Табысты бухгалтерлер” клубының негізін қалаушы, Астана қаласы:

– Мұндай іс-шараның арқасында жиналғандар мазалап немесе түсінбей жүрген сауалдарына жауап ала алады. Биыл мүлікті, қолма-қол ақшаны декларациялау бойынша талап бизнес субьектілеріне қолданылатыны белгілі. Ал келесі жылы жалпыға бірдей декларациямен Қазақстанның барлық азаматы қамтылады. Осы сияқты өзгерістерді жан-жақты талқылаймыз. Сонымен қатар, бекітілген заңнамаларды халыққа түсіндіреміз.

Демалыс күні болса да семинарға 100-ге жуық адам жиылды. Жиынның алғашқы кезеңінде баяндамалар оқылса, кейін қатысушылар сұрақ-жауапқа көшті.

 

Ақжүніс Мұқатай