Қоғам

“Жомарт жүрек” акциясы

Қолда күрек, жерде қатып қалған мұзды қар. Осындай қақаған аязда коммуналдық қызметкерлер жолдарды таңнан бері тазалап жатыр. Қазір далада 10 минут тұрсаң дірдек қағасың, бұл азаматтар сағаттап тер төгеді. Адал еңбекпен нәпақа тауып жүрген жандарға бүгін мейірімді жастар жылу сыйлады. Сақылдаған сары аязда бойды жылытатын не? Ыстық шай мен бауырсақ.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

– Бүгін «Жомарт жүрек» акциясы жалғасын тауып жатыр. Бұл акция осындай суық күні, аязды, қаламыздың тазалығына жауап беретін жандарды тән жылыту, жан жылыту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Акцияның «Жомарт жүрек» деп аталған себебі – кез келген жан тағы бір тұлғаның жасап жатқан жақсылығына қол үшін бергенін қалаймыз.

Еріктілер 8 литр шай мен 10 келі бауырсақты өздері әзірлеген. Мейірім акциясы өз жалғасын табады. Ұйымдастырушылар игі шарамен өзге жерлерді де араламақ.

 

Мәдина Қаби