Мәдениет

“Таңшолпан” байқауы таланттарды тоғыстырды

Петропавлда “Таңшолпан” өңірлік вокалдық шеберлік байқауы өтті. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде ұйымдастырылған шара нағыз таланттарды тоғыстырды. Мұндағы әр бала жеңістен үмітті. Олар сахнада құлақтың құрышын қандыра ән шырқады.

Осымен 14-ші рет ұйымдастырылып отырған байқау қатысушылары 3 топқа бөлінген: “Жоғары сынып оқушылары”, “Вокалдық ансамбль” және колледж бен университет студенттері. Жастары 15 пен 25 аралығында. Гаухар Сағыныш 17 жаста. Ол қазір ортаға шығып әнін шырқайды. Оның көңілі толқып, уайымдап тұр.

ГАУХАР САҒЫНЫШ – байқауға қатысушы:

–  Мен “Сольное” номиинациясына Адель әншінің “Set fire to the rain”атты өлеңін айтамын. Екі апта бойы дайындалдым. Одан да көп болған шығар. Екінші номинацияда құрбыммен Мархабаның “Ұнайды маған” әнін орындаймын. 12 жасымнан бастап ән айтамын. Негізі, кішкентай кезімнен ән айтқан ұнайды.

Байқауда 6 бірдей тілдегі шығармалар шырқалды. Әртүрлі жанрдағы туындыларды саланың жілігін шағып, майын ішкен майталмандар мұқият тыңдады. Көзге түскендердің аты-жөні алдарындағы қағазға жазылды.

ЖАНАР МҰХАТАЕВА, қазылар алқасының мүшесі:

– Конкурстың мақсаты – жас таланттарды қолдау. Сонымен қатар, проферентациялық жұмыс ретінде де осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Конкурс екі бағыт бойынша. Олар: жеке ән айту және ансамбль орындауында. Ол ансамбль дегеніміз – олар бірнеше адам болып ән айту.

Дәстүрлі “Таңшолпан” байқауына 40-қа жуық өнерпаз қатысып жатыр. Ең үздігі бас жүлдені иеленеді, қалғаны орындар бойынша марапатталады.

 

Мәдина Қаби