Спорт

«Солтүстік-2024»: хоккейден финал өтті

«Солтүстік-2024» қысқы ойындарының өтіп жатқанына бір айдың көлемі болды. Барлығы – 8 спорт түрі. Хоккей – соның біреуі.
Бүгін мұз айдындағы шайбалы бәсекеден финал өтті. Финалға шыққан командалар – 6-ау. Олар: Қызылжар, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев, Есіл, Аққайың және Тайынша құрамалары. Қазір жарыс соңғы аталған екеуінің арасында өтеді.

ЖЕҢІС ЕСЛӘМОВ, Аққайың ауданы құрамасының шабуылшысы:

– Біз ойынға қыркүйек айынан бері дайындалдық. Дайындық жақсы өтті. Алда кім ұтатыны әлі белгісіз. Финал болғандықтан нағыз мықтылар жиналып отыр. Тайыншалықтар осал команда емес.

ТЕМІРЛАН МӘМІРБЕКОВ, Тайынша ауданы құрамасының шабуылшысы:

– Жеңіске деген сеніміміз мол. Біз де біраз дайындалып келдік. Алдыңғы ойында ұтылып қалған болатыбыз. Қазір кездесудің қалай өрбитінін айта алмаймын. Жеңуге бар күшімізді саламыз.

Сонымен ойын басталды. Алғашқы минуттан-ақ қыза түсті. 1-ші периодтың бастапқы минуттарында алғашқы шайбы соғылды. Есепті аққайыңдықтар ашты. Көпке созбай екінші голды да еншіледі.

Тайыншалықтар есепті теңестіруге барынша тырысып-ақ жатыр. Қарсыластары лезде тойтарыс беруде. Дегенмен, Аққайың ауданының қақпасынан саңылау табылды. Есеп: 2 де 1.

Тайынша құрамасы қанша тырысса да аққайыңдықтарға дес бере алмады. Ақыры ойсырай жеңілді. Есеп 9:2. Кездесуде жеңіске жеткен аққайыңдықтар ойынды жалғастырып, ары қарай 1-ші, 2-ші және 3-ші орындар үшін таласқа түседі.

 

Мәдина Қаби