Білім

Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадам

Бүгінгі оқушы – ертеңгі мамандық иесі. Әр жас жанына жақын саланы меңгеріп, ел дамуы жолында тер төгуі үшін үлкендер жағы дұрыс бағыт-бағдар беру керек. Осы үшін жергілікті жоғары оқу орны қабырғасында “Оқушылардың кәсіби өзін-өзі анықтау мәселелері” атты фаслитациялық сессия өтті. Ұйымдастырушы – білім басқарамасы, “Сенімен болашақ” бірлестігі және университет.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:

– Сессияның негізгі мақсаты – оқушыларға мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру, өмірде қалыптасуына және мамандық таңдауына жәрдемдесу. Жұмыс берушілердің шақырып отырған себебіміз – олардың қандай талаптары бар екенін білу. Ата-аналар балаларының кім болғанын қалайтындығы және кәсіби бағдарламамен айналысатын мамандар оқушыларға қандай мамандыққа бағыт бағдар беретіндігі айтылады.

Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадам. Өз ісінің үздігі атану үшін әр жастың бойында жұмысқа деген құлшынысы мен ынтасы жоғары болу керек. Әрине, кез келген саланың өзіне ерекшелігі, артықшылығы мен кемшілігі, талаптары бар. Жиында осы жайлы кеңінен айтылды.

ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:

– Жұмыс берушілер қаладағы ірі кәсіпорындардан келіп отыр. “Киров”, “ЗИКСТО” мен “ТЭЦ”-тен және ауыл шаруашылығы, полиция департаменті мен әскери академияның қызметкерлері келіп отыр. Жұмысшы саны тапшы мекемелердің мамандарын шақырдық.

Көп жағдайда бала мамандық таңдау барысында ата-анасының кеңесіне жүгінеді. Өз ойын ысырып қоюы мүмкін. Отбасы бағыт-бағдар беруші болғандықтан, бүгінгі сессияға аналар қауымы да шақырылыпты.

АЙГҮЛ ДҮЙСЕНОВА, қала тұрғыны:

– Қызым 11-сыныпты аяқтамақ. Өзі ағылшын тілі пәні мұғалімі болғысы келеді. Сондықтан, ҰБТ-да ағылшын тілі пәнін таңдап отыр. Таңдауын қолдаймын, еш қарсылығым жоқ. Барынша жүрегіне жақынын таңдаса екен деймін.

Шара еркін форматта өтті. Яғни, тараптар тілдесу мүмкіндігін иеленді. Сессия барысында ата-аналарға университет таныстырылып, шағын экскурсия ұйымдастырылды.

 

Ақжүніс Мұқатай