Қоғам

Бескөл мектеп-колледжі биоқазандықпен жылытылады

Бұл бір беткейі білім ұясы, екіншісі білім ордасынан тұратын қосарланған Бескөл мектеп-колледжі. Өңірдегі тегеурінді “Радуга” серіктестігінің қол астындағы мекеме. 2023 жылы мектеп-колледжінің бас директоры Татьяна Мишкинаға блокты-модульдік қазандық орнату туралы ой келген.

ТАТЬЯНА МИШКИНА, “Бескөл мектеп-колледжі” ЖШС бас директоры:

– Қазандық орнатуға шамамен 92 млн теңге қаражат кетті. Оның 73 млн-ын банктен алдық. “Даму” қоры мен БҰҰДБ бағдарламасы арқылы 40%-ға дейін жеңілдік алдық. Өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі, қазір жылу энергиясының құны шарықтап бара жатыр. Бұған дейін 13 млн төлесек, қазір оның жарты құнын, яғни 8 млн төлейміз. Қазандық тек мектепті жылытады.

Мына қондырғы тұтас бір мектепті жылытып отыр. Құшақ-құшақ отын мен көмірді қажет етпейді. Оның орнына ағаш қалдықтары қолданылады. Бағасы көмірден 2 есеге арзан. Жүргізілген зерттеу бойынша экологияға да зияны жоқ. Тек жанған ағаштың күлі шығады. Қуаттылығы 300 квт-ты құрайтын қондырғыда орнатылған экранды басып үйреніп, икемделсеңіз болғаны. Техниканың тілін осы мектепте күзетші болып істейтін Сергей Мельников тез-ақ меңгеріп алыпты.

СЕРГЕЙ МЕЛЬНИКОВ, Бескөл мектеп-колледжінің қызметкері:

– Қиын түгі де жоқ. Тек түсініп, мезгіл-мезгіл келіп, температурасын қарап отырсаң болғаны. 1 сағат жұмыс істейді, 20 минут демалады. Күніне 2 шелек ағаш қалдықтарын саламыз. Оны Соколовкадан тапсырыс беріп, алғызамыз. Қор жеткілікті.

Айтса айтқандай-ақ, мектептің іші жып-жылы. Оны осында күнде оқып жүрген ұл-қыздар да растап отыр.

– Сыныптың іші жылы әрі жайлы. Қабаттанып киініп керек емес.
– Сабақты жылы жерде отырып оқимыз. Ешқашан суық болмаған. Асхана мен басқа да сыныптардағы ауа температурасы бірдей.

Жалпы, Бескөл мектеп-колледжінде мыңнан астам ұл-қыз тәлім алып жатыр. Оның 940-ы оқушы болса, 80-і – студент.

 

Ақжүніс Мұқатай