Спорт

Сүйіндік Бегалинді еске алу турнирі

Петропавлда Сүйіндік Бегалинді еске алуға арналған футзалдан турнир бастау алды. Халықаралық деңгейдегі жарыс осымен 16-шы рет өткізіліп отыр. Айта кетейік, Сүйіндік Қазиқанұлы Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжін бірнеше жыл басқарған.

МӘДИ МӘКЕНОВ, Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушысы:

– Сүйіндік Қазиқанұлы 1998 жылы, осы колледждің директор болып тұрған шақта дене шынықтыру және спорт бөлімшесін ашты. Бүгінгі күні 25 жыл болды. Осы жылдар аралығында жоғары нәтижелерге жеттік. Көптеген спортшылар шықты. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар.

Дәстүрлі турнирдің шымылдығын жергілікті өнерпаздар ашты.

Жарыста 9 команда бақ сынайды. Олардың 2-еуі Ресейден келіп отыр. Өңіріміздің намысын қорғайтын ұжымның бірі – Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжі. Арық сөйлеп, семіз сөйлеуді құп көретін жігіттер жеңістен дәмелі.

ЕРӘЛІ ҚАЙЫРНАСОВ, Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

– 3-ші рет қатысайын деп жатырмыз. 1-ші орын алғымыз келеді. Жақсы дайындалып келдік.

Омбы педагогикалық колледжінің командасы бұл турнирге жылда келеді. Жылда жүлделі орындарға таласады. Биыл болашақ ұстаздар айды аспаннан бір-ақ шығаруды көздейді.

ИВАН ВСТАВСКИЙ, Омбы педагогикалық колледжі, РФ:

– Бағымызды сынау үшін келіп отырмыз. Мақсатымыз – кубокты Омбыға жеткізу. Әрине, оңай болмайды. Қарсыластарымыз осал емес. Петропавлдықтардың, ұйымдастырушылардың қонақжайлылығына алғыс айтқым келеді. Тартысты турнирді тамашалауға шақырамын.

Турнирдің ашылу салтанатына Сүйіндік Бегалиннің жақындары да қатысты. Ел сыйлаған азаматтың жары жолдасын сағына еске алады.

НҰРГҮЛ БЕГАЛИНА, Сүйіндік Бегалиннің жары:

– Жолдасым осы білім ұясын 10 жылдан артық басқарды. Өте еңбекқор болды, білімді сүйді. Қазақта “Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген мақал бар.

Халықаралық турнир екі күнге созылады. Жарыстың қорытындысы бойынша үздік командалар мен ойыншылар және жаттықтырушы марапатталады.

 

Гүлден Сембаева