Актердің басты міндеті – өзі сомдаған рөлді көрерменге тиімді жеткізу. Әртістің бойы дарын, талант, сезім мен қиял секілді ұшы-қиыры жоқ түрлі қасиеттерге толы болуы тиіс. Мұны өңірімізге Ресейден іс-сапарлатып келген Ресей театр өнері институты педагогтары да растайды. Олар бірнеше күннен бері қаладағы жас актерлерге шеберлік сағатын өткізді.
РУСЛАН НАСИБУЛИН, (ГИТИС) Мемлекеттік театр өнері институты сахналық пластика кафедрасының аға оқытушысы, РФ:
– Біз осындағы ұл-қыздармен актерлік шеберлік, режиссура, сахналық сөйлеу және сахналық пластика бойынша театрлық білім беру мәселелері бойынша тренингтер, шеберлік сағаттар мен дөңгелек үстелдер өткізіп жатырмыз. Акробатика, пластика, дене шынықтырумен байланысты жұмыстар болды. 40-қа жуық қатысушының жартысы студент болса, жартысы – актерлер. Әрине, тәжірибелі әртістер өздерін жақсы көрсетті, жастар да осал емес. Бірақ, олар әлі де болсын кәсіби қызметтің не екенін соңына дейін түсінбей тұр.
ГИТИС театр өнері институты – Ресейдің жоғары оқу орны. Еуропадағы ең ірі театр университеті. Ресейлік оқытушылардің бүгін теріскейдегі соңғы күні. Олар 3 күннің ішінде Н.Погодин атындағы облыстық орыс және қуыршақ театрларында болып үлгерді. Жалпақ жұртқа жақсы таныс үздік жоғары білім ордасы өкілдерінің біздің өңірге келуі – зор жетістік дейді С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма таеарының көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров.
ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:
– Бұл жағдай – актерлер үшін үлкен серпіліс. Біз енді бір топ студентті Ресейге жібере аламаймыз. Оның барлығы уақыт, талап. Сондықтан, бұл жандардың келіп шеберлік сағаттарын жүргізуі актерлерге ауадай қажет. Олардың өсуіне, ары қарай дамуына орасан септігін тигізеді.
Меймандармен өткен брифингіде шеберлік сағатына қатысқан ұл-қыздар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, жаңа дем, серпіліс үшін алғыстарын білдірді.
Ақжүніс Мұқатай