Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті. Қалалық мәдениет үйінде өткен жүздесуге жүздеген жан жиылды. Алдымен жұртшылық шаһар басшысы Серік Мұхамедиевтің баяндамасын тыңдады. Бұдан соң кезек сұрақ-жауапқа келді. Залдың ортасындағы және оң қапталындағы қос микрофонға кезек-кезек жақындаған жерлестеріміз әртүрлі мәселе көтерді. Парк көшесінде орналасқан 21-ші үй тұрғындарының өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, баспананың сырты бүтін, іші түтін.
ГАЛИНА БЕЛОУСОВА, қала тұрғыны:
– Үй 2023 жылдың қарашасында ғана пайдалануға берілді. Бізде жөнді ыстық су мен жылу жоқ. 4-ші подъезде орналасқан шеткі пәтер тұрғындары өлместің күйін кешіп отыр. Бірнеше рет әкімдікке хабарластық, арыз-шағымдар да жаздық, бірақ жауап жоқ.
Жуыну үшін су жылытатын жерлестеріміз облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтен көмек сұрады. Жауаптылар лезде тапсырма алды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мекенжайды жазып алыңыздар! 3 айдан бері ыстық сусыз, жылусыз отырған жандарға жедел арада қол ұшын созған жөн. Барлық күш бағытталып, мәселе шешімін тапсын. Кейін маған есеп беріңіздер!
Ал, Зиягүл Жапарова – Бескөл ауылының тұрғыны. Ол өзінің ғана емес, күллі бескөлдіктердің базынасын арқалап келіпті. Нәзікжандыны алаңдатқан мәселе – 101 бағытындағы автобустың аздығы. Саусақпен санарлық қоғамдық көлікке халық сыймай, машақат көреді екен.
ЗИЯГҮЛ ЖАПАРОВА, Бескөл ауылының тұрғыны:
– Юго-Восток деген ауданда тұрамын. Автобус орталықтан толып келеді. Біз сыймай қаламыз.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Аппараттың басшысы осында отыр. 2 күн бұрын ауданға жаңа әкім келді. Бейінді басқармамен бірге қысқа уақыттың ішінде бір шешімге келу керек.
Аулаларды абаттандыру, балалар алаңын салу, тұрғын үй тапшылығы, қар мен қоқыс шығару. Проблема жетерлік. Соңғы уақытта соңғы айтылған қос мәселе ел аузында жүр. Алдағы уақытта Петропавлда тазалыққа жауапты тағы бір ұйым пайда болады. Ол өз жұмысын “Берекеден” бастамақ.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Бұл жүйеге өзгерістер енгізу қажет деп санаймын. Петропавлда наурыз айынан бастап қоқыс шығаратын жаңа компания жұмыс істейтін болады. “Тұрғын үй қызметі” ЖШС қалалық әкімдікке қарамақ. Өткен жылы 5 арнайы көлік сатып алынды. Қазір ұйымға қызметкерлер қабылдануда.
Кездесуде талай мықты боксшыны тәрбиелеген жаттықтырушы Денис Языков та бой көрсетті. Оның көксегені – әділдік.
ДЕНИС ЯЗЫКОВ, бокстан жаттықтырушы:
– Ішкі мемлекеттік аудит департаменті дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелеховтың өз қарамағындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы жалақысын заңсыз алғанын анықтады. Ол табыс тапқан топтың барлық спортшысы топтың жалған екенін дәлелдеді. Бұдан өзге де фактілер бар. Олардың барлығы мына құжатта жазылған.
Жаттықтырушыны мұқият тыңдаған аймақ басшысы аппарат басшысына жүгінді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Возьмите вопрос на контроль. Если факт потвердиться, отдайте в органы.
Жүздесу барысында облыс әкімі тайыншалық азаматтың да мәселесін тыңдады. Самат Мейрамов «Обухов» кен байыту комбинатында жұмыс істейтін жүздеген жұмысшының атынан келіп отыр. Бұл проблема күллі елге мәлім. Жақында кәсіпорынның басшысы темір торға қамалды.
САМАТ МЕЙРАМОВ, «Обухов» кен байыту комбинатының жұмысшысы, Тайынша ауданы:
– Жаңа ғана қала әкімі жұмыс орындары ашылып жатқанын айтты. Облыста да нәтиже бар. Бірақ, дәл қазір Тайынша ауданындағы «Обухов» кен байыту комбинатындағы 500 адам еңбексіз қалғалы отыр. Осы мәселеге қатысты пікіріңізді білгім келеді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– «Обухов» кен байыту комбинатына және оның басшылығына қатысты мәселе бар. Қазір қозғалған қылмыстық іске қатысты пікір білдіруге құқығым жоқ. Кімнің кінәлі екенін сот шешеді. Ал адамдардың жұмыссыз қалуына келер болсақ, әлеуметтік қорғау саласы бойынша қолдау шаралары көрсетіледі.
Көтерілген мәселе аз болмады. Кездесу соңында мінберге облыс әкімі шығып, халыққа атқарылған және атқарылатын жұмыстар бойынша баяндама жасады. Құрылыс саласына тоқталайық, Петропавлда 18 қабаттан жоғары үй салынбайды. Айтпақшы, алдағы уақытта шаһарда қоныс тойын тойлайтын жастардың саны артады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– «Қызылжар жастары» атты өңірлік ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Жоба аясында қаржының 50 пайызын «Отбасы банкі» ұсынса, қалған бөлігі жергілікті бюджеттен бөлінеді. Осылайша, біз 35 жасқа дейінгі азаматтар жаңа және қайталама тұрғын үй нарығынан баспана сатып алатын платформа жасаймыз.
Тағы бір жағымды жаңалық, биыл Петропавлда жолаушы тасымалдайтын автобустардың саны 30 бірлікке артады. Сонымен қатар, шаһарда 30 жаңа гүлзар салынады. Оларды кәсіпкерлер тұрғызбақ. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Қарасай» стадионын қайта қалыпқа келтіру жұмысы өз мәресіне жетеді.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бірінші кезеңде футбол алаңы мен жарықтандыру жүйесі ауыстырылды. Биыл жүгіру жолағын және орындықтарды толығымен жаңалаймыз. Орталық кіреберіске шатыр салынады. Әкімшілік ғимарат та күрделі жөндеу көреді.
Тұрғындардың құлағына алтын сырға! Ақпанның 28-і күні Петропавлда облыс әкімі бастаған атқамінерлердің қатысуымен жалпы қоғамдық қабылдау өтеді.
Байболат Құлтанов