Құқық қорғау органдары

Алаяққа алданып қалса да полицияға жүгінбейтіндер бар

Кибералаяқтарға алданып қалған адамдардың кейбірі полицияға жүгінбейді. Мамандар облыс орталығында осындай 8 факті анықтаған. Олардың барлығы интернет арқылы тауар сатып алу кезінде алдын ала төлем жасау немесе бөгде біреудің атына шағын несие ресімдеумен байланысты. Зардап шеккен жандарды полицейлер арыз жазуға көндіріпті. Нәтижесінде барлық қылмыстар аз уақыттың ішінде ашылған.

Мейіржан Махмет, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Іс-шараны өткізу қорытындысы бойынша криминалдық полиция қызметкерлерімен ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша OLX, Крыша, Kolesa сайттарына, ВКонтакте, Instagram әлеуметтік желілеріне күшейтілген мониторинг жүргізілді. Өткізілген іс-шаралар барысында 17 қылмыс анықталды. Оның ішінде 8-і – бұрын жасалған қылмыстар.

Қызметкерлер 3 күн бойы ұйымдарда және адамдар көп жиналатын орындарда алаяқтардың негізгі айла-тәсілдері туралы айтты.

АЙГЕРІМ ӘШКЕН, қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Бүгін Петропавл қаласының прокуратурасымен бірлесіп, облыстық көпбейінді аурухананың ұжымымен кездестік. Профилактикалық әңгімелесу өткіздік. Бұл кездесудің мақсаты – халыққа интернет-алаяқтықтың ең жиі жасалатын түрлері туралы түсіндіру, олардан сақтанудың жолдарын жеткізу.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша біреудің атына көп жағдайда жақын деген жандар несие рәсімдейді екен. Алданып қалғандардың дені – егде жастағылар. Алаяқтар құрығына түсіргісі келген адамды түрлі себеппен фотоға түсіріліп алады екен, сосын сол суретті верификациядан өту кезінде пайдаланады. Телефоныңызға кенет несие төлеу туралы хабарлама келсе, бірден полиция қызметкерлеріне жүгіну керек дейді мамандар. Айта кетейік, жалпы жыл басынан бері өңірде 100-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, 50 млн теңгеден аса несие рәсімделген.

 

Гүлден Сембаева