Қоғам

21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні

21 ақпан – Халықаралық ана тілі күні. Бұл дата 1999 жылы қарашада ЮНЕСКО-ның басты конференциясының 30-сессиясынан кейін бекітілген болатын. Кеше айтулы күнге орай Достық үйінде “Коперник” поляк мәдени орталығының ұйымдастыруымен кеш өтті.

Бұл күні ән де, би де, тәтті мен дәмді де болды. Қыз-жігіттер өздерінше сәнденіп алған. Барлығы ерекше көңілді. Әр ұлт өкілі өз тілдерінде мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жаудырып жатты. Сосын дөңгелек үстелді айнала отырған қатысушылар ойын ойнады. Олар бір-біріне таяқша беру арқылы түрлі тілде амандасты.

АНТОН ГОЛУБЬ, “Коперник” поляк мәдени орталығының мүшесі:

– Мен ағылшын және жапон тілінің аудармашысымын. Бұл – мектеп кезінен бергі сүйікті ісім. Қызығушылығымды университет қабырғасында жетілдіруді шештім. Тілдің көкжиегіңді кеңейтуге пайдасы мол. Дегенмен, өз ана тіліңді биікке қою керек. Ұлтты ұлт етіп сақтайтын да сол. Әрқайсысының қайталанбас рухани, материалдық мәдениеті, тарихы және бір-біріне ұқсамайтын тілдері бар.

Тіл тек қатынас құралы емес, ол мәдениетке, табиғатқа, адамның тарихы мен тегін тануға мүмкіндік береді. Барлық тілдерді танып-білу әрі оны құрметтеу – бейбітшілікті сақтаудың белгісі. Кешке жергілікті жоғары оқу орнының студенттері де қонақ ретінде шақырылыпты.

ГҮЛНҰР МҰХАМБЕТОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Мен қазақ болғанымды мақтан тұтамын. Жоғары оқу орнын ана тілімде меңгеріп жатырмын. Өзімнің тұғырлы еліме, жеріме дегнн сүйіспеншілігім мол. Қазақ болып туылғаныма қуанамын.

Жалпы, бұл мереке 2000 жылдың ақпанынан бастап тілдік және мәдени алуандылыққа, көптілділікке қолдау білдіру үшін жыл сайын аталып өтіледі.

 

Ақжүніс Мұқатай