Қоғам

Тау тұлға – Дінмұхамед Қонаев

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты білмейтін қазақ жоқ. Оның еңбегі мен ерлігі тарих беттерінде тайға таңба басқандай жазылып тұр. Тау тұлғаның ұлтжандылық қасиеті – бөлек төбе. Солтүстікке қайта-қайта қарайлаған алмалы-төкпелі заманда елдегі облыстар мен аудандардың сақталуына қайраткер ауқымды үлес қосқан. Мұны бес саусақтай білуіміз қажет.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Маңғыстау облысын өзге елге бергізбеді. Оңтүстікте мақта өсіретін аудандар Өзбекстанға беріліп кеткен. Соларды қайтарды. Бұл – Дінмұхамед Қонаевтың беделінің белгісі.

Ұлтжанды Дінмұхамед Қонаев атақ-абыройға қарамастан, үлкенмен де, кішімен де тонның ішкі бауындай болған. Елдегі азаматтарға қолдау көрсеткен. Солардың бірі – қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтпаев.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Дінмұхамед Қонаев Қаныш Сәтпаевтың Ғылым академиясына президент болып тағайындалуына тікелей үлес қосқан. Сол кезде қарсылар болған.

Сәуле Мәлікова бұлардың барлығын тарихи фактілерге сүйене отыра айтып отыр. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Қонаевтың қарапайымдылық қасиетіне қайран қалады. Ол халық ортасында емін-еркін жүрген, еңбек адамдарымен тілдескен, әр мәселеге құлақ асқан.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Аудан басшыларының проблемаларына құлақ асқандығы соншалық, жиын барысында кешірім сұрап, баяндаманы тоқтатып, мәселені сол жерде шешіп отырған.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа қатысты 30-дан астам құжат бар. Ел басқарған азамат облысқа жұмыс сапарымен жиі келіп отырыпты. Жиындарда сөйлеген сөздері, жергілікті басшылар мен еңбек адамдарына айтқандары қаз-қалпында сақталып тұр. Жәдігерлердің арасынан 70-ші жылдардың басында өңірімізді басқарған Василий Демиденконың алғыс сөзін де кездестіруге болады.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Тың игеру жылдары миллиард пұттап астық алдық. Салдарынан жердің сапасы төмендеді. Осындай кезеңде Дінмұхамед Қонаев өңірге минералды тыңайтқыш бөлгізген. Істің барлығын өзі бақылап отырған.

Әрбіріміз білуге тиіс фактілер бар. Тау тұлға ел басқарған жылдары қазақ жерінде 40-тан астам қала салынған. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамыды, тың және тыңайған жерлер игерілді. Өнеркәсіп өндірісі де оң жолға қойылды. Бұл – атқарылған істің бір бөлігі.
Дінмұхамед Қонаев – Социалистік Еңбек Ері атағын бір емес, үш мәрте алған азамат.

 

Байболат Құлтанов