Алаяқтарға алданғандар «AMANAT» партиясының облыстық филиалына келді. Жергілікті ұйымға жүгінген осындай жандардың қатары қалыңдап бара жатқан сыңайлы. Жалпы, жыл басынан бері мамандар 40-қа жуық адаммен жүздесіп, заң турасында консультация берген. Бұдан бөлек партия филиалына тұрғындардан белгілі бір мәселе жөнінде 800-ге жуық өтініш келіп түскен. Айтылған түйткілдің жартысына жуығы шешілді. Өтініштердің дені тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты. Азаматтар қардың уақытылы шығарылмауына байланысты да біраз шағымдарын білдірген.
Гүлфира Рамазанова, «AMANAT» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
– Мәселелердің барлығын депутаттармен және партия мүшелерімен бірлесіп шешеміз. Есіл ауданында тұратын азамат үйінің жел ұшырып жіберген шатырын жөндеу үшін қолдау сұрап келді. Оған құрылыс материалын сатып алуға жергілікті кәсіпкер жәрдемдесті. Ал Мамлют ауданында мәслихат депутаты 7 бала тәрбиелеп отырған қоныс аударушыны жұмысқа орналастырып, үйінің пешін жөндеп берді. Сонымен қатар, «мүгедек» және «көпбалалы отбасы» санатындағы 2 адамға «Болашақ» филиалының мүшелері материалдық көмек ретінде азық-түлік жеткізіп берді.
Гүлден Сембаева