Спорт

«Солтүстік-2024»: керлингтен жарыс өтті

Қолда – ысқыш құрал, ал көк мұзда – 20 келілік гранит тастар. Қызылжарда «Солтүстік-2024» қысқы спорт ойындары аясында керлингтен жарыс өтіп жатыр. Дәулет Тарбақ Тайынша ауданының намысын қорғап келіп отыр. Спортшы керлингпен 7 жыл айналысады.

ДӘУЛЕТ ТАРБАҚ, жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

– ҚР спорт шеберімін. Алматыда өткен ел чемпионатына 12 рет қатыстым. Ресейдің Новосібір, Челябі жерлеріне барып жарыстарға қатыстым. «Солтүстік-2020» Тайынша ауданы керлингтен чемпионт атанған болатын. Керлингтің алаңы екі үйден тұрады. Ережесі – тастарды ортаға әкелу. Қалай көп тас әкелсеңіз, есеп те солай көбейеді.

Кең таралып келе жатқан қысқы спорт ойынының өзіндік ережесі бар. Ойынға тек қана қара күш емес, дәлдік пен ептілік қажет. Гранит тасты мұз үстінде шебер сырғанатып, көздеген жеріне дәл тигізген жандар жеңіске жетеді. Мұз айдынында қазір Есіл мен Тимирязев аудандарының азаматтары сайысқа түсуде. Екі топ та шеберліктерін ортаға салуда. Бірінің тасы ұяшыққа жетсе, біреуінікі ақырындап жолда қалуда.

ДМИТРИЙ ГАРАГУЛЬ, жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:

– Ойын барысы бәсекеге толы. Қарсыластарымыз осал емес. Арасында спорт шеберлері де, әуесқойлар да бар. Өзім спорт шеберімін. 9 жылдан артық айналысып келемін. Ойынның өрбуі, ұта ма, ұтыла ма адамның ептілігіне байланысты.

Жарысқа қатысып жатқан команда саны – 13. Ойын 3 күнге созылады. Бір топта 4 адамнан: екеуі әйел, екеуі ер адам.

ИВАН БУНЯШИН, жарыстың бас төрешісі:

– Керлинг спорты өңірде жақсы дамып келе жатыр. Көбі бұл бағытқа беймәлім бір спорт деп қараса, кейін қызығушылығы оянып, құлшынысы артқаны соншалық, спорт шеберлігін алып жатады. Балалар арасындағы керлинге келсек, қызылжар мен есілдіктер ептірек. Арасынан іріктеп алған жасөспірімдер ел чемпионатына қатысқалы жатыр.

Өткен жылы ересектер арасында дәл осы жарыста есілдіктер үздік атанды. Биылғы мықты жексенбіде белгілі болады.

 

Мәдина Қаби