Құқық қорғау органдары

“Қауіпсіз жол”: 11 күнде 3 мыңнан астам факті анықталды

Өңірде «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу шарасы өтіп жатыр. Акция аясында тіркелген факті саны жаға ұстатады. Полиция қызметкерлері 11 күннің ішінде жол ережесіне қатысты 3 мыңнан астам бұзушылық анықтаған. Статистика аз емес. Бұл жолда жүру мәдениетінің ақсап тұрғанын анық көрсетеді. 30-ға жуық жүргізуші мас күйде ұсталыпты, 600-ге жуық адам темір тұлпарына шектен асырып қамшы басқан, 200-ге тартасы рөлде отырып телефонмен сөйлескен, 400-ге жуығы көлікте қауіпсіздік белдігін тақпай отырған. Бұны сонда қалай түсінуге болады: жалқаулық па, жеке басының қауіпсіздігіне деген немқұрайлық па? Ақыры шара барысында 22 адам жүргізуші
куәлігінен айырылыпты. Енді рөлге жармаспай, жаяу жүреді.

ГРИГОРИЙ ТЫШ, СҚО ПД ЖПБ бастығының орынбасары:

– Рейдтік шара ақпанның соңына дейін жалғасады. Көріп отырғандарыңыздай, жолдағы апаттардың себебі белгілі, олар: жылдамдықты арттыруы, мас күйде көлік басқару, қарама-қарсы бағытқа шығып кету, маневрді дұрыс жасамау, жаяу жүргіншіні өткізбеу.

Жолда жүру ережесін елемеудің салдары соқпақты болуы мүмкін. Кейін өкінгеннен не пайда? Облыс жолдарында биыл 20 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 2 адам қаза тауып, 30-ға жауық адам жарақат алды. 20 жайттың 18-і жүргізушінің кінәсінен болған.

 

Гүлден Сембаева