Ғ.Мүсірепов ауданында жасымық тиелген жүк көлігі түні бойы тұрған.
Возвышенка ауылынан шығып, жолға көтеріле берген кезде 2 көліктің біреуі артқы дөңгелектерімен кюветке түсіп кетеді. Жүргізушілер – түріктер. Олардың жолда тұралап қалғанын көрген тұрғындар тәртіп сақшыларына хабарласады. Шақыртуға келген учаскелік инспектор
шетелдік жүргізушілерге барынша көмектесуге тырысады әрі жүкті күзетіп, жолда кедергі пайда болғандықтан сол аралықтағы қауіпсіздікті қадағалайды. Таңға жақын ол жергілікті серіктестікке хабарласып, көмекке ауыр техника келеді. “К-700” тракторының күшімен жүк көлігі қар құрсауынан шығарылды.
Көктайғақ, боран, қалың қар – биылғы қыс жолаушыны да, жолдағы тәртіп сақшыларын да әбден әбігерге салды. Ауа райының күрт нашарлауынан талай рет жолдар жабылып, қар құрсауында қалған қаншама адам құтқарылды. Қазір өңірде 30 градустық аяз төпеп тұр. Полиция қызметкерлері тұрғындарға алыс жолға шықпау қажеттігін ескертеді.
ЖАСҰЛАН СӘДУАҚАСОВ, СҚО ПД ППБ взвод командирі:
– Қатты желмен бірге ауа температурасының күрт төмендеуі – осы күндері алыс қашықтыққа көлікпен жүруден бас тартуыңызды сұраймыз. Көктайғақ пен боран жол-көлік оқиғаларын, соның ішінде ауыр зардапқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Сіздерді жолдағы қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға және “112” қызметінің SMS-ескертуін қадағалауға шақырамыз.
Жол қателікті кешірмейді. Жолда опық жеп қалмас үшін көліктің жай-күйін үнемі назарда ұстау қажет дейді тәртіп сақшылары.
Телефон қуаттаулы, қосымша жанар-жағармай мен жылы киімдер артығымен болуы керек. Жолдағы қауіпті тұстарда жылдамдықты азайтып, алдағы көлікті басып озуда барынша сақ болған жөн. Полиция қызметкерлерінің айтары осы, абай болыңыздар.