Қоғам

Шаһар басшысы бұқараның базынасын тыңдады

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев “Ашық есік күні” шарасын өткізуді игі дәстүрге айналдырды. Өзіміз жақсы білетіндей, өткен жылы мұндай жиынның бірнешеуі ұйымдастырылды. Биыл алғашқысы өткізіліп отыр. Облыстық кітапхананың мына залына халық кезекпен кіруде.

Кезек дәлізде құрылды. Шаһар басшысымен 30-дан астам жерлесіміз кездесіп, базынасын жеткізбек ниетте. Тізімнің ең басында Хамит Биманов есімді азамат тұр. 77 жастағы заңгер қос қызылжарлықтың мәселесін арқалай келіпті. Алғашқы проблема – сенім білдірген тұлғаның Қапайдағы үйін заңдастыру.

ХАМИТ БИМАНОВ, қала тұрғыны:

– Үйі сүрілсе, далада қалайын деп тұр. Жері де, үйі де заңдастырылмаған. 24 жыл солай тұрып жатыр.

Ал екінші мәселе – жалға алынған жерді сатып алу. Тиісті өтініш әкімдікке бұған дейін жолданыпты. Алайда, іс сағызша созылып кеткен екен. Екі түйткіл де қала әкімінің құлағына жетті.

Жалға алынған жерді кәсіпкер сатып ала алады. Серік Мақсұтұлы түйткіл жақын арада шешілетінін жеткізді. Ал заңдастырылмаған үйдің мәселесі ұзаққа созылатын сияқты. Іске сот араласуы мүмкін. Қала әкімі сенім білдірген тұлғаның өзін әкімдікке шақырды.

Дәлізде өз кезегін күткен Мәлике Наурызбаеваны да тұрғын үй мәселесі алаңдатады. Зейнеткер пәтер кезегіне сонау 2008 жылы тұрыпты. Әлі баспана бұйырмаған. Азаматша әкімдік табалдырығын сан мәрте тоздырғанын айтады.

МӘЛИКЕ НАУРЫЗБАЕВА, қала тұрғыны:

– Жұмасына 2 рет те барған күндер болды. Уәде етеді. Бірақ, баспана берілмейді.

Қазір азаматша зейнеткер ретінде пәтер кезегінде 249-шы болып тұр. Тілдесу барысында шаһар басшысы 360 әлеуметтік аз қамтылған адам баспана алатынын айтты. Демек, мәселе шешіледі.

АЙДЫН МӘКЕНОВ, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Біз кісілерді таба алмай жүрміз. Кезекте 247-ші, 248-ші болып тұрғандардан аттап өте алмаймыз. Келесі жұма осы мәселе бойынша жиын өткіземіз.

Қырқына шыдаған қырық біріне шыдайды деген ұғымды шетке ысырған жөн. Серік Мұхамедиев жауаптыларға істі жеделдетуді тапсырды.

Айта кетейік, “Ашық есік күні” шарасы аясында тұрғындар өзге де жергілікті атқарушы билік өкілдерімен және шенділермен тілдесе алды.

 

Байболат Құлтанов