Қоғам

Еріктілер көмегі

Бұл – Ишимская, 58 мекенжайында орналасқан үй. Мұнда 86 жастағы жалғызбасты зейнеткер тұрады. Қыс бойы жауған қар кейуананың үй маңын алып қалған. Ауыр жұмыс істеуге күш-қуаты жеткіліксіз зейнеткерге бүгін көмек қолын созуға бір топ ерікті жиналды. Аязды ауа райына қарамай сақадай сай келген ұл-қыздар жұмысқа кірісіп-ақ кетті.

НИНА ПАЗУХИНА,қала тұрғыны:

– Осы жылға дейін маған ешкім бұлай көмектескен емес. Биыл қар молынан жауды. Шатыр, үй мен терезенің алдын алып қалды. Еріктілерге алғысым шексіз. Бірден іске кірісіп кетті. Алғысымды білдіремін.

Еріктілер қар тазалап, қарттардың батасын алып жүр. Өңірге қалың қар түскеннен бері қалалық жастар ресурстық орталығы мен облыстық қоғамдық даму және ақпарат орталығының өкілдері жатпай-тұрмай жұмыс істеуде. Осы уақытқа дейін 100 шақты жеке үйдің қарын тазалап, сыртқа шығарыпты. Олардың ішіне жалғызбасты қарттар мен мүгедек жандар кіреді.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, СҚО қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы:

– Биылғы қыстың қаттылығына байланысты қамқорлықтары кемдеу әрі күш-қуаттары келе бермейтін қарттарға көмектесу акциясы жалғасып жатыр. Көп адамның жұмыс күші біріктірілген. Жылдың басынан бастау алған іс-шара аяғына дейін жалғасады. Жалпы, біз қыста ғана емес жыл 12 ай қартарға көмектесеміз. Сонымен қатар, қатарымызға қосылатын жастар болса өте қуаныштымыз.

Әдетте, көмек қолын созушылар күніне 10-шақты үйге барып, қарын тазалып береді. Бүгінгі ауа райы жұмысты сәл тежеп тұр. Игі іс істеп, қолғабыс етуден қашпайтын жастар алда әлі тындыратын жұмыс көп дейді.

 

Ақжүніс Мұқатай