Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Күннің суығына қарамастан Ауғанстан жерінде қаза тапқан жауынгерлердің ескерткішінің басына жиналған жұрттың қарасы қалың. Әрбірінің қолында – бір шоқ гүлден. Ардагерлер, жауынгерлердің туыстары мен Ұлттық ұлан сарбаздары Ауған жерінде мерт болған ер азаматтардың рухына тағзым етіп,
ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Бақандай 10 жылға созылған соғыс Кеңес Одағы үшін 89-шы жылы аяқталды. Құсман Бегалинов – сол қаһарлы күндердің куәгері. 40 жасында Ауған жерінде КСРО кеңесшісі болып қызмет атқарған.
ҚҰСМАН БЕГАЛИНОВ, Ауған соғысының ардагері:
– Пәкістанмен шекаралас Джалалабад қаласында болдым. Соғыс өте қиын болды. Өйткені, Галимад – таулы жер. Жау көрінбейді. Олар тығылып отыратын. Сарбаздар жақындаған кезде душмандар ататын. Көбісі Виктор Грязновты біле бермейді. Сол жігітіміз душмандардың қолына ілініп, оны Совет әскеріне қарсы күрес деп мәжбүрлеген, бірақ ол жігіт көнбеді. Кейін қайтыс болды.
Виктор Грязнов – Жамбыл ауданының тумасы, Теміртау қаласында тұрған екен. Туған жері мен тұрған қаласында жауынгерге арналып ескерткіш қойылған. Ауған соғысына 1,5 мың теріскейлік қатысқан. Қазіргі таңда олардың тек 600-нің көзі тірі.
Гүлден Сембаева