Құқық қорғау органдары

Прокурорлар 2 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуының алдын алды

Облыста мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзу фактілері анықталды. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының лауазымды тұлғалары жер учаскесіне құқығын анықтайтын құжатсыз 1,7 млрд теңгеге балабақша құрылысына мемлекеттік сатып алу жүргізген. Ал Қызылжар, Уәлиханов аудандық әкімдіктерінің лауазымды тұлғалары ашық конкурстың орнына баға ұсыныстарын сұрау арқылы 107 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алу процесін өткізбекші болған. Айыртау, Ғ.Мүсірепов және тағы да Қызылжар ауданының әкімдіктері тауардың сапа сертификаттарының болуы туралы талапты белгілемей, 148 млн теңгеге спорттық ойын алаңдарына мемлекеттік сатып алу жүргізген. Қадағалау органының актілері бойынша жоғарыда аталған сатып алулар жойылып, кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту шаралары жүргізілуде. Жалпы, жыл басынан бері прокурорлар 8 мемлекеттік сатып алуды жойып, 2 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысының жұмсалуына жол берген жоқ.