Бүгінде ел бойынша дарынды балаларға арналған 150-ге жуық мектеп бар екен. Оның 4-еуі СҚО-да орналасқан. Қазір осы білім беру ұяларында құжат қабылдау жүріп
жатыр. Оқуға түсу шарттары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының бас маманы Алмагүл Оспанова айтып берді.
АЛМАГҮЛ ОСПАНОВА, СҚО білім басқармасының бас маманы:
– Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық білімді балаларға арналған мамандандырылған гимназия-интернаты, “Білім-Инновация” лицей-интернаты, ЛОРД дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты мен Е.Серкебаев атындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешені. Құжаттарды қабылдау туралы барлық ақпарат білім басқармасының, білім беру ұйымдарының интернет-ресурстарында, әлеуметтік желілерде, ата-аналар чаттарында және оқушылар сарайының лэд экранында орналастырылған.
Конкурстық материалдарды «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының оқу-әдістемелік кеңесі әзірлейді және бекітеді. 7-сыныпқа қабылданушылар математика, Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы мен логикадан 120 минуттың ішінде барлығы – 75 сұраққа жауап берулері керек. Ал 5-сыныпқа келгендер 60 минутта 40 сұрақты дұрыс белгілеулері тиіс.
АЛМАГҮЛ ОСПАНОВА, СҚО білім басқармасының бас маманы:
– Іріктеудің өзі 1 турдан тұрады. Тестілеу түрінде өткізіледі. Платформадан сұрақтардың үлгісін көруге болады. Сонда қанша сұрақ болатыны берілген. Келесі “Білім-Инновация” лицейі 7-сыныпқа конкурстық іріктеу жүргізеді.
Жалпы, биыл шаһардағы 4 білім ұясын қоса есептегенде барлығы – 506 бала қабылдау жоспарлғанған. Оның 50-ге жуығы – 1-сынып оқушылары.
АЛМАГҮЛ ОСПАНОВА, СҚО білім басқармасының бас маманы:
– Белгіленген квотаға сәйкес Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық білімді балаларға арналған мамандандырылған гимназия-интернатына 5-сыныпқа – 18, 7-сыныпқа 16 оқушы қабылданады. ЛОРД-қа тек 5-сыныпқа 50 оқушы қабылданбақ. Аталған алғашқы мектеп қазақша, ал екіншісі орысша білім береді.
Ақпанның алғашқы жұлдызынын басталған жұмыс сәуірдің ортасына дейін жалғаспақ.
Ақжүніс Мұқатай