Қоғам

Аққайың ауданының белсенділері қар тазалауда

Үйренген тұрғындарға үскіріктің өзі үрейлі емес. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан Смирново ауылының белсенділері қолдарына күректерін ұстап, үйлердің маңын ақ ұлпадан тазартуға кірісті. Жаны жайсаң жандар игі істі Людмила Музыканың баспанасынан бастады. Айтуынша, қар ерісе болды салынғанына 40 жыл болған үйіне су кіреді екен. Ал биыл қар көп.

ЛЮДМИЛА МУЗЫКА, Смирново ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Өткен жылы қар аз жауғандықтан, көктемде үйді ылғал басқан жоқ. Биыл көп жауды. Енді жұбайым екеуіміз үйге су кіріп кете ме деп үрейленіп отырмыз. Осыдан 5 жыл бұрын ауылда 90 үйге су кіргені есімде.

“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, аудан орталығында қар тазалау жұмысы қызу жүріп жатыр. Оған тіпті белсенділер де білек сыбана кірісіп кеткен. Аққайың аудандық жастар ресурстық орталығының тепсе темір үзер жігіттері бір үйдің ауласын 10 минутта-ақ тазалап шықты.

ВЛАДИМИР РАХМАДУЛАЕВ, Аққайың аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:

– Біздің ұйымға 120 адам мүшелік етеді. Жыл сайын жалғызбасты жандардың, зейнеткерлер мен мүгедектердің аулаларын қардан тазалап береміз. Көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесу – біздің басты парызымыз.

Аққайың ауданында биыл 5 елді мекендегі 60-қа жуық үйді су басу қаупі бар. Өйткені, жан-жақта жатқан қар ериді және жақын жердегі Тораңғұл дейтін көлдің деңгейі көтеріледі дейді. Осы ретте қауіпсіздік шарасын біле жүрген абзал. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары профилактикалық-түсіндіру шарасын жүргізіп жатыр.

ДӘУРЕН ТАУБЕВ, Аққайың аудандық ТЖБ бас маманы:

– Үйге су кіріп жатқан болса бірден 112 телефонына хабарласу қажет. Біз арнайы құрылғылармен суды шығарамыз. Азаматтық қорғаныс ұжымы бар бізде. Олар оқу-жаттығуда пысықтаған тәжірибелерін көрсетеді.

Биыл қар күрт ерісе Смирновода 30 үйге су кіруі мүмкін екен.
Осы ретте қазір келеңсіз жайттың алдын алу шаралары қолға алынған. Арнайы техника сақадай сай тұр.

НҰРСҰЛТАН БАЙЗАҚ, Аққайың ауданы әкімінің орынбасары:

– Биыл 25 дана арнайы техника даярланды. Өнімділігі жоғары 2 насос және 11 мотопомпа дайын. Осы күнге дейін 10 мың текше метр қар шығарылған болатын. Жұмыс жалғасуда. Облыстық акцияны қолдаудамыз.

Айта кетейік, ауданда 19 мың адам тұрады. Оның 5 мыңы – смирновтықтар.

 

Гүлден Сембаева