Қоғам

Жастар нашақорлыққа қарсы

Қазақстан жастары есірткісіз болашақ үшін күреседі. Облыс орталығында оқу орнының студенттеріне арналып жиын өтті. Шарада есірткінің адам өміріне төндіретін қаупі туралы айтылып, нашақорлықтың алдын алу жөнінде сөз қозғалды. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-техникалық педагогикалық колледжінің 2-ші курс студенті Олжас Боташ салауатты өмір салтын ұстанады. Спортпен айналысатын жас ой-сананы таза ұстау қажет, сонда түрлі зиянды әдеттен де аулақ боласың дейді.

ОЛЖАС БОТАШ, студент:

– Ол үшін ортаңды дұрыстау қажет. Қасыңда жақсы адамдар болуы қажет. Әуестенбеу қажет. Мысалы, темекі болсын оған да жақындамау қажет. Өзім зияндыларға тәуелді емеспін, бала кезімнен спортпен шұғылданамын. Өз денсаулығымды құртқым келмейді.

Бұл жиында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин де бой көрсетті. Ол алдымен статистикаға тоқталды. Былтыр аймақта есірткі қылмысына қатысты 300-ге тарта бұзушылық тіркеліпті. Ал заңсыз айналымнан алынған зиянды заттың көлемі 700 келіден асып жығылады.

ЕҢБЕК СЕМБИН, СҚО ПД бастығының орынбасары:

– Өткен жылы заңнын ала жібін аттаған 149 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Біз жүргізген сараптамаға сәйкес, жаза арқалағандардың басым бөлігі – 16 мен 25 жас аралығындағы жастар. Бұл бағытта алдын алу жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, есіркіге қарсы түрлі іс-шаралар өткіземіз. Былтыр 854 акция ұйымдастырылды.

Мамандардың айтуынша есірткіге жақын адам бетін жасыруға тырысады. Оны танудың ең оңай жолы – мінез-құлқына мән беру.

 

Гүлден Сембаева