Қоғам

Жаңартылған Үкіметтің бірінші отырысы өтті

Қазақстан Үкіметінің отырысында қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Ел экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ды құрады. Осы айда негізгі капиталға салынған инвестиция небәрі 0,6%-ға өскен. Премьер-Министр Олжас Бектеновтың айтуынша мұндай төмен көрсеткіштер уәкілетті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сапасыз жұмысын көрсетеді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Инвестициялық штаб жұмысын күшейту қажет, оған жеткілікті өкілеттіктер берілген. Министрлер мен әкімдердің басты міндеті – инвестициялық жобаларды іске асыруға тиімді әрі пәрменді қолдау көрсету.

Қуатты әрі бәсекеге қабілетті бизнес – табысты экономиканың тағы бір маңызды факторы. Сондықтан, кәсіпкерлікті дамыту және қолдау – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Үкімет басшысы отандық бизнеске қаржыландыру қолжетімді болуы тиіс, оның ішінде бюджеттен басқа көздерді пайдаланып, кепілдік беру тетіктерін кеңейту қажеттігін айтты. Бұл жергілікті кәсіпорындарға шетелдік жеткізушілермен бәсекелесуге мүмкіндік береді.
Орта бизнесті дамытуды қолдау үшін Олжас Бектенов мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарап, өндірісті 2-3 есе кеңейткісі келетін барынша табысты орташа кәсіпорындармен келісімдер жасауды жеделдетуді тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Бизнесті тексеруге жарияланған мораторий биыл аяқталды, бірақ бұл кәсіпкерлерге әкімшілік жүктеме түсірмеуге тиіс. Адами факторды алып тастауға мүмкіндік беретін мемлекеттік бақылаудың автоматтандырылған жүйесі толық көлемде қолданылуы тиіс.

Оған қоса Олжас Бектенов қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейтінін айтты.

 

Гүлден Сембаева