Қоғам

СҚО-да былтыр 4 әкім мен 6 мемлекеттік орган басшысына ақшалай өндіру шарасы қолданылған

Солтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты. Бұл мемлекеттік органның құрылғанына 3 жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде бірталай жұмыстың басы қайырылған. Саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар былтырдың өзінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау бойынша жүздеген арызды қараған.

БЕРДІБЕК МҰСТАФИН, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:

– 699 талап арыз түсті, жалпы 353 талап арыз қайтарылды, оның 149 бойынша татуласу келісімдері сотпен бекітілді.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта ең көп қаралатын даулардың тізімі бар. Бірінші орында жерге қатысты мәселелер тұр. Екінші сатыда – тұрғын үй бағытындағы түсінбестіктер. Ал үштікті салық саласындағы келіспеушіліктер түйіндейді.

БЕРДІБЕК МҰСТАФИН, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:

– Жалпы 144 шешім шығарылды, оның ішінде 99 талап арыз қанағаттандырылды, 45 талап арыз бойынша қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешімдер шығарылды, яғни 68,7% қанағаттандырылды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш.

Сот мемлекеттік органдарға орын алған заң бұзушылық фактілерін болашақта қайталамас үшін жеке ұйғарымдар да жібере алады. Былтыр мұндай 30 құжат жолданыпты. Әкімшілік істерді қарау кезінде тараптарға ақшалай өндіру шарасы да қолданылатынын қоса кетуіміз қажет.

БЕРДІБЕК МҰСТАФИН, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы:

– Қаралған істер бойынша 32 ақшалай өндіру шарасы қолданылды. 17 лауазымды тұлға сынға ілікті, оның ішінде 4 әкім, 6 мемлекеттік орган басшысы, 3 жеке сот орындаушысы, 9 талап қоюшының өкілі және 3 басқа тұлға бар. Оларға заң шеңберінде 10 және 20 АЕК мөлшерінде ақшалай өндіру шарасы қолданылды.

Ақшалай өндіру шарасы қолданылған жандар негізінен соттың сұрауы бойынша талап етілген жазбаша пікір келтірмеген және тиісті құжаттарды жолдамаған екен.

 

Байболат Құлтанов