Білім

Мүгедектігі бар студенттердің арасында интеллектуалды ойын өтті

XXI ғасыр көшбасшысы. Бүгін қалада “Кедергісіз келешек” партиялық жобасы аясында мүгедектігі бар студенттердің арасында зияткерлік ойын өтті. Іс-шарада ерекше ұл-қыздар өзара білімдерін ортаға салмақ. Ұйымдастырушы – аманаттықтар, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігі.

АҚЖАН КӘРІМ, “Ардос-Жүрек” мүгедектер бірлестігі” ЗТБ директоры:

– Біздің ұйымның құрылғанына 10 жылдан астам уақыт болды. Осы уақыттың ішінде көптеген жобаларды іске асырдық. Одан бөлек мүгедектігі бар жандардың арасында түрлі іс-шаралар өткіздік. Негізгі мақсатымыз – олардың белсенділіктерін арттырып, қоғамға тарту. Жыл сайын ауқымды түрде шығармашыл жандарға арналған конкурстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, өңір аудандарына да сапар жасаймыз.

Интеллектуалды ойынның өткізілуі мен шарттарына тоқталайық. Жалпы, сайыс 3 кезеңнен тұрады. “Бәйге” атты алғашқы турда жылдам жауап беру керек. Екіншісі “Гамма” деп аталады. Онда сұрақтар жасырын ноталардың астында орналасқан. Ал соңғы – “Көкпар” кезеңінде ұяшықтар бойынша сұрақтарға жауап беріп, 10-нан 50-ге дейін ұпайды иеленіп отырады. Ойынға қатысушылардың дені – Мағжан Жұмабаев колледжі мен жергілікті жоғары оқу ордасының студенттері. Арасында колледж белсендісі – Динара Тайманова да бар.

ДИНАРА ТАЙМАНОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің 2-курс студенті:

– Биыл мен осындай интеллектуалды ойынға қатысып жатырмын. Өте қуаныштымын. Себебі, бұл сайыс арқылы өзімді дамытуға мүмкіндік аламын әрі жаңа адамдармен танысамын. Үлкен талпыныс деп айта аламын. Алдыңғы жылдары да осындай жарыстарға қатысқанмын.

Қолдарына парақ пен қалам алған қатысушылар берілген сұрақтарға ойланбай бірден жауап беруде. Білім сыналатын сайыста жеңіске жеткен студентке арнайы сыйлық беріліп, дипломмен марапатталатын болады.

 

Ақжүніс Мұқатай