“Отбасы банкінің” тұрақты клиенттері және өзге де жандар үшін тағы бір жаңашылдық. Биылдан, нақтырақ айтқанда 5-ші ақпаннан бастап “AQYL” білім беру жинақтау жүйесіне бұл қаржы ұйымы да қатысады. Депозиттің мақсаты – ел азаматтары өзінің немесе балаларының оқуына қаражат жинау. Болашақта салымшы шоттағы ақшамен қазақстандық немесе шетелдік ұйымдарда оқу ақысын төлей алады.
НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:
– Жалпы, “Отбасы банк” бойынша депозит ашу тегін. Тек айта кететін бір жайт, ашқан кезде 3 АЕК көлеміндегі соманы депозитке салу керек. Ол сіздің бірінші салымыңыз ретінде есептелінеді. Ары қарай ол ақша жинақталады. Кейін жиналған ақшаны елімізде немесе шетелде ешқандай кедергісіз жұмсай аласыз.
Білім беру салымын кемінде 3 немесе 5 жыл мерзімге ашуға болады. Алғаш аталған мерзімге ашылса, жылдық мөлшерлеме – 12%-ға, ал екіншісінде 9,5%-ға тең болады. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін ол автоматты түрде жаңартылады. Сонымен қатар, есептелген сыйақы да ай сайын аударылады.
НАЗЕРКЕ ҒАЛЫМ, “Отбасы банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:
– Мемлекеттік сыйлықақы туралы айтатын болсақ, ол 5% және 7% болып бөлінеді. Көпбалалы, аз қамтылған немесе мүгедіктігі бар бала болса, оған 7% мемлекеттік сыйлықақы қосылады. Ондай болмаған жағдайда, сыйлықақы 5%-ды құрайды.
Бірнеше күн бұрын ғана жарияланған депозитті елде алғашқы болып астаналық тұрғын ашқан екен. Ал теріскейде мүмкіндікті бірден пайдаланған жанның бірі – Райгүл Байматова. Қаладағы білім ұяларының бірінде кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқаратын азаматшаның 3 баласы бар. Өзі – “Отбасы банктің” тұрақты салымшысы.
РАЙГҮЛ БАЙМАТОВА, қала тұрғыны:
– Жақында “Отбасы банкте” “AQYL” депозиті ашылды дегенді естіп, біздің өлкеден бірінші болып ашқан болатынмын. 4-сынып оқитын қызыма аштым. Өте жақсы банк. Ай сайынғы сыйақылары мен мөлшерлемелері бар. Баламның болашағын ойлап депозит аштым.
Депозитті екі жолмен: мамандардың көмегімен немесе мобильді қосымша арқылы ашуға болады. Райгүл Байматова алғашқы жолды тиімді көріпті.
РАЙГҮЛ БАЙМАТОВА, қала тұрғыны:
– Мен “Отбасы банкке” өзім барған жоқпын. Оларға телефон арқылы хабарластым, сосын маған мамандарды жіберді. Солай өздері ашып берді. Бірінші қызым – студент, екінші балам 10-сынып оқиды. Ал кенже қызым әлі кішкентай. Болашағы зор. 5 жыл мерзімге аштым.
Айта кетейік, мемлекеттік сыйлықақы жинақтаудың ең аз мерзімі 1 жыл болғанда ғана есептеледі, яғни қосымша қаржыны қоржынға түсіру үшін депозитке 1 жыл толуы тиіс.
Ақжүніс Мұқатай